Құмар ойындарының кесірінен 10 жұптың жетеуі ажырасып жатыр

19 Маусым 2024, 16:09
343
Бөлісу:
Құмар ойындарының кесірінен 10 жұптың жетеуі ажырасып жатыр
Фото: pixabay.com

Ертіс өңірінде қоғамдық орындарда жиі кездесетін ойын терминалдары жабылды. Қазіргі уақытта онлайн-казинолардың жұмысын тоқтату шаралары күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жоламан Қиналбековтің айтуынша, өткен жылы мамандар 600-ге жуық сайт пен сілтемелерді анықтап, осы күнге дейін жартысын бұғаттады. Бұл сайттардың 120 мыңға жуық жазылушысы болған.

Онлайн-казиноларды облыс көлемінде ғана емес, республика дейгейінде де іздейміз. Табылған бойда сілтемелердің барлығы бұғатталады. Мәселен, жыл басынан бері 100-ден астам сайт анықталды. Елімізде ойын бизнесін ұйымдастыру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Азаматтың кінәсі дәлелденсе, жеті жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін. Ойын сайттары туралы ақпаратты жасырын түрде телеграм-бот пен шұғыл желі арқылы қабылдаймыз. Ақпаратты тексеріп, расталған бойда шара қабылдаймыз. Былтыр облыста покер клубы анықталып, ұйымдастырушы екі жылға бас бостандығынан айырылды, - дейді Жоламан Қиналбеков.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, құмар ойындардың шырмауына көбінесе 25-30 жас аралығындағы жастар ілігеді.

Лудомандарды анықтау қиын. Ішімдікке салынған азаматты белгілері бойынша бірден табуға болады. Ал ойынқұмарды анықтау үшін психологиялық факторларға сүйену қажет. Сондықтан басты мақсат – алдын алу шараларын күшейту, - дейді мамандар.

Ресми мәлімет бойынша қазақстандық ойынқұмар қарызының орташа көлемі 10 млн теңгенің маңайында. Бұл әлеуметтік дерттің салдарынан елімізде 10 жұптың жетеуі ажырасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы