Құбырлары 90% тозған Теміртауда су мәселесі қашан шешілетіні анықталды

21 Шілде 2023, 09:38
590
Бөлісу:
Құбырлары 90% тозған Теміртауда су мәселесі қашан шешілетіні анықталды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Теміртауда негізгі су құбырының апатты учаскелерін жөндеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір жыл ішінде желілерде 500-ден астам апат болған. Келешекте ұзындығы 27 шақырым болатын Қарағанды – Теміртау су құбырын қайта жаңғырту көзделіп отыр.

Су құбыры 1981 жылы пайдалануға берілген. Оның тозуы шамамен 90% құрайды. Қазір қаланың кейбір орталық ауданының тұрғындары кесте бойынша су алады. Жағдайды тұрақтандыру үшін биылғы жылы су құбырының апаттық учаскелері зерттелді – шамамен 5 км болды.

Теміртау үш көзден сумен қамтамасыз етіледі, оның негізгісі – Қарағанды – Теміртау су құбыры. Бүгінгі таңда ол өзінің нормативтік қызмет мерзімін екі рет асып түскен. Күрделі жөндеу мүлдем болмаған. Біз инженерлік желілердің жағдайына байланысты сумен жабдықтау тапшылығын жаба алмаймыз, сондықтан шектеулер енгізіп, кесте бойынша су беруге мәжбүрміз. Шағымдар өте көп. Қала тұрғындарына жағдайдың себептері туралы хабарлау қажет. Ешкім қол қусырып отырған жоқ. Біз жұмыс істеп жатырмыз, – деп түсіндірді қала әкімі Ораз Тәуірбеков. 

Құбырлары 90% тозған Теміртауда су мәселесі қашан шешілетіні анықталды

Қазір конкурстық рәсімдер аяқталуда. Егер бәрі ойдағыдай болса, тамыздың бірінші онкүндігінде су құбырындағы негізгі жұмыстар басталады. Бірақ "Оқжетпес-Т" ЖШС мердігерді күтпей, апатты учаскелерді өз күшімен ауыстыруға кірісіп кеткен.

Биыл біз негізгі жұмыстарды тамыз және қыркүйек айларында орындайтын боламыз. Біз қалаға судың келуін тұрақтандырамыз және кесте бойынша су беруден арылуға тырысамыз. Мәселені толығымен шешу үшін қалған 22 км қайта құру арқылы қалпына келтіреміз. Енді біз жобалаушымен келісімшарт жасасамыз, содан кейін ол жобалық жұмыстарға кірісуі керек. Жобада айдау станциясын да қарастыру қажет, – деп атап өтті Теміртау әкімі.

Айтуынша, әр жылдары апаттық ақауларды жою тәртібімен жөндеу үшін қолда бар материалдар қолданылды. Ал қазір су құбырлары әртүрлі материалдар мен диаметрлерден жасалған – бұл темірбетон, болат және шойын. Мұның бәрін нормативке сай келтіру керек.

Өзгелердің жаңалығы