Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық жоба арқасында 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр ұлттық жобаның былтырғы нәтижелерімен бөлісті.
Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96 пайызға жетті. Моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6 пайыздан 45,5 пайызға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90 пайызға дейін , ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі – 80 пайызға дейін өсті, - деді Әлібек Қуантыров.
Қуантыровтың мәлімдеуінше, былтыр жоспарланған 20 көрсеткіштің 4-і орындалмаған, олар – тұрғын үйді пайдалануға беру, ел аумағы арқылы транзит көлемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны мен «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру бойынша көрсеткіштер.
Көрсеткіштердің толық орындалмауының негізгі себептері ретінде жобалардың қымбаттауы және жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуі, сондай-ақ COVID-19 аясындағы шектеу шаралары және тағы басқалар болды. Биыл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау одан әрі жалғасып жатыр. Ұлттық жоба аясында келесі іс-шаралар бойынша Ұлттық экономика министрлігі жауапты етіп бекітілді, - деді ведомства басшысы.
Еске салайық, бұған дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасын іске асыру үшін 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат – 709 млрд теңге қарастырылған жазған едік.