Қуантыров Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді

20 Мамыр 2023, 17:32
751
Бөлісу:
Қуантыров Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді
Фото: @presseconomy

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі «Мамыр-5» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі таңда Әуезов ауданында медициналық мекемелердің жүктемесі өзекті болып тұр. Тұрғындар мамандардың тапшылығына шағымданады.

Министр атап өткендей, азаматтарды қажетті дәрігерлермен және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.

2022 жылы «Мамыр-5» шағын ауданында жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуға республикалық бюджеттен 670 млн теңге бөлінді. Мұнда учаскелік қызмет бөлімшесі, педиатрларға, гинекологтарға және тар бейінді мамандарға арналған кабинеттер ашылады. Тиісті жабдықтармен жабдықтау жоспарланып отыр. Ол бір тәулікте 200 келушіге есептелген. Бұл жұмыс істеп тұрған аудандық емхананың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Жұмыстардың 95%-ы аяқталды.

Сонымен қатар, ҰЭМ басшысы Алматы қаласы бойынша ТМРК департаментіне барды. Жиын барысында Департамент жұмысының негізгі бағыттары талқыланды. Министр тариф белгілеу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінен өтінімдерді жеделдетуді және халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, ведомство басшысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас кеңсесінде болды. Ә.Қуантыровқа Қордың атқарған жұмыстары туралы мәлімет берілді. Өткен жылы Алматы қаласы бойынша "Бизнестің жол картасы" шеңберінде 87,4 млрд теңге несие сомасына 1 703 жоба субсидияланды. Кепілдік сомасы 15,9 млрд теңгені құрайтын 1 173 жобаға кепілдік берілді.

Бұдан бөлек, министр️ Sadu Arena спорт кешеніне барды. Нысан 6 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан және әртүрлі спорт түрлерінен ірі жарыстар өткізуге арналған. Мұнда спортшыларға тұрақты негізде қолдау көрсетіледі. Спорт нысанының иесі қайырымдылық турнирлерін, оқу-жаттығу жиындарын өтеусіз негізде үнемі өткізеді. 

Өзгелердің жаңалығы