Қосылған құн салығы көтерілмейді – Премьер-министр

13 Ақпан 2024, 11:22
321
Бөлісу:
Қосылған құн салығы көтерілмейді – Премьер-министр
Фото: pixabay.com

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ҚҚС көтерілмейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы былтыр Қаржы министрлігі бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығын қайтармағанын айтқан болатын. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген.

Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан болған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының мөлшерлемесі көтерілмейді. Бюджет кірістерінің басқа көздерін табуымыз керек, - деп айтты Олжас Бектенов отырыста.

Ол Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажеттігін тапсырды.

Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды. Сонымен қатар қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды. Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек, - деді ол.

Бектенов орынбасарларына жетекшілік ететін салалар бойынша нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады.

Өзгелердің жаңалығы