Қостанайдағы қатты боран салдарынан болған залал қалпына келтірілуде

12 Сәуір 2020, 16:22
2024
Бөлісу:
Қостанайдағы қатты боран салдарынан болған залал қалпына келтірілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 7 сәуірінде Қостанай облысында қатты боран соғып, желдің екпіні 37 м/с-қа дейін жетті, бұл электр беру желілерінің бұзылуына әкеп соқты, оның ішінде "KEGOC" АҚ-ның электр беру желілері өшірілді, деп хабарлады ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Электр беру желілерінің зақымдалуы нәтижесінде ВЛ-500 кВ "Қостанай-Сокол", "Қостанай - Челябинская", "Жітіқара-Сокол", "Сокол – Есіл", "Қостанай – Көкшетау", сондай-ақ ВЛ-220 кВ "Сокол-Заречная", "Сокол-Качар", "Сокол-Лисаковская" ажыратылды.

Облыста ажыратылған жеке және заңды тұлғалардың саны шамамен 40 мың абонентті құрады.

IMG-20200412-WA0013.jpg

Бастапқыда "KEGOC" АҚ-ның электр желілерінде бұзушылықтар орын алды, соның салдарынан "Межрегионэнерготранзит" ЖШС, "ЭПК-forfait" ЖШС-ның желілері ажыратылды.

Жоғарыда аталған барлық ұйымның білікті қызметкерлері өз желілерінде туындаған авариялық жағдайды жою бойынша жұмыстарды үнемі жүргізіп отырды.

2020 жылдың 7 сәуірінде сағат 21.00-ден 23.00-ге дейін тұтынушылар үшін шектеулерді ішінара алып тастау арқылы Қостанай қаласын электрмен жабдықтауға жедел ауыстыру жүргізілді, бұл ретте қаладағы тіршілікті қамтамасыз ететін барлық объектіге кернеу берілді (сумен және жылумен жабдықтау, ішінара электр энергиясы қалпына келтірілді).

Қарлы боран салдарынан жолдың көрінбеуі авариялық бригадалардың  шығуына қиындық туғызды. Жұмыс жүргізу орындарына өту жолдарының болмауынан жұмыстарды жүргізу қиынға соқты, Қостанай облысы ТЖД мен әкімдігінің автотехникасы тартылды. Жедел қызметтер ауа райының күрделі жағдайына қарамастан, өңірді электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдады, - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, "ЭПК-forfait" ЖШС қызметкерлері Қостанай қаласы мен аудандар бойынша келіп түскен барлық өтінімді пысықтады.

Облыс энергетиктері тәулік бойы жұмыс істеді, бірақ авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде үлкен қиындықтарға тап болды.

Қарлы боран бәсеңдегеннен кейін бірінші кезекте ауруханалар, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау сияқты негізгі тіршілік ету объектілері электрмен жабдықтауға қосылды. 

Бүгінгі таңда соңғы тұтынушыға дейін электрмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Қостанай облысын электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін 20 авариялық-қалпына келтіру бригадасы, 3 арнайы техника, 25 автотехника (оның ішінде 3 АГП, 22 УАЗ бригадалық машинасы) жұмылдырылды.

Электр желілерін қалпына келтіре отырып, тұтынушыларды да қосу жүргізілуде. 

Өзгелердің жаңалығы