Қостанайда Қазақстанда баламасы жоқ термопарк салынуда

2 Қыркүйек 2020, 07:31
1998
Бөлісу:
Қостанайда Қазақстанда баламасы жоқ термопарк салынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай қаласындағы "Kostanay Plaza" сауда-сауық орталығының ғимараты кеңейтіліп, қосымша жаңа нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Онда 5 бассейннен тұратын термопарк, 30-ға жуық монша және сауна түрлері, сондай-ақ, фуд-корт салынады.

Бұл туралы өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Instagram-дағы жеке парақшасына жариялады.

Бүгін сауда орталығы құрылысының екінші кезеңі бойынша салынып жатқан нысандарды қарап шықтым. Термопарк – Қазақстанда баламасы жоқ бірегей нысан. Біздің облыс Қазақстан туристік картасының ТОП-50 нысанына кіргенін ескерсек, термопарк ашу Қостанай облысының туристік тартымдылығын арттырады және сол арқылы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, - деп жазды әкім.

Оның мәлімдеуінше, бүгінде "Kostanay Plaza" сауда-сауық орталығы 500 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Ал термопарк пайдалануға берілген соң, жұмыс орындарының саны 1100-ге дейін артатын көрінеді.

Сауда-ойын-сауық орталығы мен кәсіпкерлік субъектілерінің басшылығы Қостанай облысының санитарлық дәрігерінің қаулысымен белгіленген барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Өңірдің туристік тартымдылығын жақсарту бойынша жүріп жатқан жұмыстар әлі де жалғасатын болады, - деп түйіндеді жазбасын Архимед Мұхамбетов.
Өзгелердің жаңалығы