Қостанайда прокуратура органдарының 35 жылдығына арналған өңірлік форум өтті

Қостанайда Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 35 жылдығына арналған өңірлік форум өтті.

 gov.kz 20 Қараша 2026, 13:55
20 Қараша 2026, 13:55
164
Фото: gov.kz

2026 жылғы 18 қарашада Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 35 жылдығына орай «Жаңа Халық Конституциясы аясында заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету» тақырыбында өңірлік форум өтті.

Іс-шараға Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары прокуратураларының, мемлекеттік органдардың, заң қоғамдастығының өкілдері, прокуратура ардагерлері, оқытушылар, студенттер мен жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.

Форумның негізгі тақырыптары заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелеріне арналды.

Форумды Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев ашып, азаматтардың құқықтарын қорғауда және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуда прокурорлық қадағалаудың маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөз сөйлеп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Қатысушылар назарына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы және прокуратура қызметінің нәтижелері туралы бейнеролик ұсынылды.

Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов, Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев және Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ержан Дүйсекенов азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заңдылықты нығайту бағытындағы өңірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Прокуратура ардагері Марат Қайбжанов өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, прокуратура қызметіндегі ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын атап өтті.

Әділет органдарының, адвокаттық және академиялық қоғамдастықтың өкілдері құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелерін және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады.

Жастарға құқықтық тәрбие беру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар алдында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті мен «Ғ. Ержанов атындағы Болашақ прокурорлар клубының» көшбасшысы сөз сөйлеп, қоғамдағы заңның рөлі туралы өз көзқарастарын білдірді.

Ашық диалог барысында қатысушылар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту жөнінде пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.

Форум соңында қызметте ерекше көзге түскен қызметкерлер Қостанай облысы әкімі мен прокурорының атынан грамоталармен салтанатты түрде марапатталды.

Өңірлік форум кәсіби тәжірибе алмасуға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Наверх