Қостанайда мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтамақ

24 Қыркүйек 2022, 09:30
2890
Бөлісу:
Қостанайда мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтамақ
Фото: автордан

Облыс аумағында алдағы уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту бойынша бірқатар пәрменді жобалар мен кешенді қадамдар жасалмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Қостанай өңіріндегі тілшісі.

Тобыл өңіріндегі мемлекеттік тілдің мәртебесі мен алдағы тың жобалар бойынша алқалы жиын өтті. Оған «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Лариса Алдабергенова арнайы келіп қатысып, жергілікті халықтың пікірі мен ұсыныстарын тыңдап, жаңа жобаға оң бағасын берді.

Қостанайда мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтамақ

Ана тіліміздің мәселесі арқау болған жиынды «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облыстық филиалы мен жергілікті атқарушы органдардың ынтымақтастығы арқасында жүзеге асып отырғанын айта кеткен жөн. Өткір пікірлер мен ұтымды ұсыныстар ортаға тасталған диалог алаңының жұмысына облыс әкімдігінің жауапты басқармаларының басшылары, тіл мамандары, қоғам белсенділері белсене атсалысты.

Қостанайда мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтамақ

Былтыр қараша айында қасиетті  Түркістан қаласында мемлекет басшысының мемлекеттік тілдің беделін арттыру және оны қолдану аясын кеңейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру барысында сол кездегі ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен жауапты министрліктер өкілдерінің, Қазақстанның барлық өңірлерінен қоғам қайраткерлерінің, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының VI құрылтайы өткен болатын. Содан бері жоғарыда аталған «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігі ел аумағындағы талай тыңғылықты істердің өтуіне мұрындық болып келеді.

2022 жылдың басынан бастап қоғам жұмысының негізгі кезеңі қоғамның филиалдары мен құрылымдарын қайта құру мен нығайтудан басталды. Биыл 80-нен астам филиалдың ашылуын ресімдедік. Соның нәтижесінде еліміздің 17 өңірінде филиалдар ресми түрде тіркелді. Бұрын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының небәрі 37 филиалы болғанын атап өткім келеді. Қоғамның басты миссиясы нақты мәселелерді шешу үшін жобаларды әзірлеу және оларды іске асыру болып табылады. Олардың бірі 2021 жылы қоғам президенті Берік Әбдіғалидің бастамасымен мәжіліс депутаттары көрнекі ақпарат туралы заңды пысықтап, түзетеулер бастағаннан кейін «Көрнекі жоба – визуалдық жобасы» жүзеге асырылды . Естеріңізге сала кетейін, заңға мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойған болатын, – дейді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Лариса Алдабергенова.

«Қазақ тілі» халықаралық қоғамы белсенділерінің пікіріне сүйенсек, бұған дейі нақты жобаларды әзірлеуде ешқашан жүйелі жүргізілмегендіктен, жобаларды құрып, жүзеге асыра алатын білікті мамандарды тарту қажет болыпты. Осылайша, 2022 жыл қоғам үшін екі бағыттағы ауқымды жұмысты қолға алған. Онда қоғам құрылымдарын жаңғырту мен қайта құру жұмыстарымен қатар, қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларды әзірлеу бойынша тыңғылықты істер атқарылып жатқанын айқын аңғаруға болады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар әр өңірдің ерекшелігін ескеру қажеттілігі туралы пікірлерін білдірді. Мысалы, Қостанай облысының халқы - 860 000 адам және олардың 350 000 – ы ғана қазақ ұлтының өкілдері. Аймақ Ресей Федерациясының үш облысымен шектеседі және мұнда орыс тілінің әсері басым. Осы факторларды ескере отырып, тараптар мемлекеттік тілді нығайту мен дамытуда кешенді тәсілдерді қолдану туралы ортақ пікірге келді. Сондай-ақ одан әрі іске асыру үшін Қостанай облысы қоғамы филиалдарының өкілдерінен бірқатар өзекті ұсыныстар қабылданды.

Қазір еліміздің барлық аймақтарында «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен қауымдастық пен мемлекеттік органдардың мамандарының қатысуымен дөңгелек үстелдер өтуде. Жастарды мемлекеттік тілді насихаттау жұмыстарына, сондай-ақ қоғамдық-құқықтық салаға тартуға ерекше көңіл бөлудеміз. Онда жастар арасында креативті және сәнді жобаларды жүзеге асыруға болады, –  дейді Лариса Алдабергенова.

Сонымен қатар Лариса Алдабергенова тіл саласындағы қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру үшін жобаларды әзірлеу бойынша бірқатар оқыту тренингтері мен семинарларын, оның ішінде ата-аналар қауымдастығын тарта отырып, еліміздің білім беру және мектепке дейінгі мекемелерінің алаңдарында өткізуді жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы