Қостанайда 11 баспана жанып кетті

10 Мамыр 2022, 09:21
2086
Бөлісу:
Қостанайда 11 баспана жанып кетті
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз 9 мамыр мерекесін тойлап жатқанда Қостанайда ірі өрт болып, «Тобыл» өзен жағасындағы 11 үй жанып кетті.

Сонымен қатар, тағы 2 үй тілсіз жаудың салдарынан бүлінгені белгілі болды . Ал, жергілікті әкімдік өрттен зардап шегіп бір сәтте баспанасыз қалған тұрғындарды сабырға шақырып, жан-жақты көмек көрсетілетінін алға тартып отыр.

Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бізге берген мәліметіне жүгінсек, қаладағы Набережная мен Пролетар тұйық көшесінің маңындағы өрт туралы алғашқы хабар сағат17.23-те келіп түсті.

Қостанайда 11 баспана жанып кетті

Оқиғаның куәгерлерінің айтуынша өрт екпінінің қатты болғаны соншалық, отқа оранған баспаналардың шоқтары көрші көшелерге де тараған. Қырсық қылғанда өртті ауыздықтауға келген арнайы көліктердің суы таусылып, маңайда толтыратын мүмкіндік болмағандықтан кері қайтуға тура келіпті.  Осы аралықта жергілікті тұрғындар өртеніп жатқан  үйлерін құтқарып қалу үшін  қолданып отырған шлангімен су да шашып көрген. Бірақ, бұдан еш нәтиже болмаған.

Оқиға орнына Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев өзінің қос бірдей орынбасарлары Саят Шаймұрынов, Мейрам Сокитбаевпен бірге келіп мән-жайды бақылауға алыпты. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов те баспанасыз қалған тұрғындармен жүздесті.

9 мамыр күні сағат 17:23-те Қостанай қаласының шетінде Тобыл өзенінің бойындағы ескі қамыс жанып, бір сәтте тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соқты. Оның үстіне қатты соғып тұрған жел екпінінің салдарынан өрт жақын орналасқан тұрғын үйлер мен Набережная көшесіндегі жеке сектордың ауласындағы шаруашылық нысандарына ауысты. Өрттен 11 тұрғын үй, 6 шаруашылық ғимараты және 4 автокөлік, оның ішінде 1 жүк көлігі жанып кетті. Оның сыртында  2 тұрғын үй ішінара өрттен зардап шекті. Өртке оранған ғимараттардың жалпы ауданы 1000 шаршы метрді құрайды. Ал, өртенген көл қамысының алаңы шамамен 1,5 гектарға жетті ,- Қостанай облыстық ТЖД ресіми өкілі Уәлихан Досанов.

Қостанайда 11 баспана жанып кетті

Өртті сөндіру барысында  арнайы қызмет өкілдеріне қатты жел мен қою түтін, сондай-ақ көршілес тұрғын үйлер жапсарлас салынған қосалқы шаруашылық нысандары кедергі келтіріпті. Бағымызға орай осынау ғаламат өрттен қала тұрғындарының арасында адам шығыны жоқ. 

Набережная көшесіндегі тұрғын үйлерден 25 адам ,оның ішінде 5 бала қауіпсіз жерге көшірілді.

Қостанай қаласының әкімдігі баспанасыз қалған тұрғындарды  «Дружба» сауықтыру базасына орналастырғанын хабарлады.  

Өрт  сағат 20:15-те ауыздықталып, 21:24-те толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖД 14 арнайы техникасы мен  жеке құрамның 85 адамы жұмылдырылыпты. Оның сыртында, Қостанай қаласының коммуналдық мекемелерінің 6 техникасы мен 9 адамы су тасу үшін көмекке келіпті. 

Қала әкімі жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесу өткізеді, - дейді Қостанай әкімінің баспасөз хатшысы Самат Жанділдин.

Өзгелердің жаңалығы