Қостанай трассасында жүк көліктері неліктен топтасып тұрғаны белгілі болды

9 Ақпан 2024, 16:01
467
Бөлісу:
Қостанай трассасында жүк көліктері неліктен топтасып тұрғаны белгілі болды
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі

"ҚазАвтоЖол" Қостанай облысындағы А-22 республикалық маңызы бар күре жолында ауыр жүк көліктерінің топтасуына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Компания мәліметінше, биылғы жылдың 7 ақпанында Ақтөбе облысындағы ауа райының қолайсыздығына және аталмыш облыста жолдың жабылуына байланысты республикалық маңызы бар А-22 "Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай" автожолының 234-386-шақырымында (Ақтөбе облысының шекарасынан Денисовка кентіне дейінгі аралықта) көліктің барлық түрі үшін шектеу енгізу туралы шешім қабылданған болатын. 

Алайда, жол қозғалысы шектелген учаскелерде Денисовка кенті, Лисаковск ауылы және Тобыл станциясы маңында 200-250 бірлік транзиттік ауыр көліктердің топтасуы байқалады. 

Қостанай облысында арнайы техника штаттық режимде істеп жатыр, облыс аумағынан өтетін аталмыш күре жолда қозғалыс қамтамасыз етілген, бірақ транзиттік көліктерге шектеу тек Ақтөбе облысындағы ауа райы тұрақталғаннан кейін ғана алынатынын хабарлаймыз. Сонымен қатар Ақтөбе облысына дейінгі автожол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін сервистер саны (жанармай құю станциялары, кемпингтер, тамақтану орындары, қонақ үйлер) жеткіліксіз. Осы факторларды негізге ала отырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар А-22 автожолының Ақтөбе облысы шекарасынан Денисовка ауылына дейінгі аралықта жол қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы