Қостанай облысының полицейлері жастармен есірткіге қарсы кездесу өткізді

25 Қыркүйек 2023, 19:50
851
Бөлісу:
Қостанай облысының полицейлері жастармен есірткіге қарсы кездесу өткізді

Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы Әулиекөл ауданының прокуратурасымен бірлесіп жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Шараға 350-ден астам адам – ауылшаруашылық колледжінің студенттері, аудандағы жоғары сынып оқушылары мен еріктілер, сонымен қатар ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

 Тәртіп сақшылары есірткінің зияны және оны таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік, есірткіге қарсы мінез-құлық пен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы айтты. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі және балалардың жарақат алу мәселелері талқыланды. 

Шарада облыстық полиция департаментінің қызметкерлері блогер Глеб Коломейцпен бірге түсірген “Біздің заманның зұлымы” атты деректі фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Сюжет есірткі қылмысы үшін сотталған, істеген ісіне өкініп, қателіктерін қайталамауға шақыратын жастармен сұхбатқа негізделген. 

Нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес мұндай іс-шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы