Қостанай облысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қандай

16 Сәуір 2024, 19:52
357
Бөлісу:
Қостанай облысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қандай

Қостанай облысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жіті бақылауға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан барлық тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Айта кетсек, су басқан аумақтардағы сумен жабдықтау нысандарына, суды тазарту және суды залалсыздандыру технологиясына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне, сондай-ақ эвакуациялау пункттеріне бақылау күшейтілген.

Ауыз су мен азық-түлік өнімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг ұйымдастырылды. 616 су сынамасы зерттелді, эпидемиялық зерттеу нәтижелері бойынша ағынды су қауіп тудырмайды.

Су басқан елді мекендерде су тасымалдау ұйымдастырылған, тұрғындар бөтелкедегі сумен де қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар, Тобыл өзенінен алынған су сынамаларына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Қоршаған орта объектілері де тексеріліп, аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын анықтау мақсатында топырақ, су мен өсімдікке жасалған 15 сынама теріс нәтиже көрсетті.

Эвакуациялық пункттерде мамандардың кезекшілігі ұйымдастырылып, халықтың тұрмыстық жағдайы мен тамақтануына бақылау жүргізілуде, үнемі су мен тамақ өнімдері тексеріліп, сынама (тамақ өнімдерінің 38 сынамасы зерттелді, барлығы гигиеналық нормаларға сәйкес) жасалып отырады.

Жалпы, Қостанай облысының дәл қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақты екенін атап өткен жөн. Су тасқыны салдарынан жіті ішек инфекциясының өсуі байқалмайды.

Өзгелердің жаңалығы