Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті зор, ең алдымен машина жасау саласында. Қандай жобалар жүзеге асырылды? Облыс әлеуметтік-экономикалық дамуда қандай нәтижелерге қол жеткізді? Басқа салаларда қандай жұмыстар атқарылды? Бұл туралы ОКҚ 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің өңірлерімен бірлесіп іске қосқан жоба аясындағы кезекті мақала ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Экономика мен өнеркәсіптегі негізгі көрсеткіштер
2023 жылы өңірде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Өңдеу өнеркәсібі – 16,1%-ға, құрылыс – 21,5%-ға, инвестиция – 7,4%-ға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 4,3%-ға, сауда – 3,9%-ға, көлік – 3,6%-ға өсті.
Өңдеу өнеркәсібінде көлемнің өсуі машина жасау өндірісінің 33,9%-ға және тамақ өнімдерінің 10,5%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі таңда облысқа 7,4% өсіммен, 393 миллиард теңге инвестициялар тартылды. Бұл ретте 80%-ы – жеке инвестициялар.
Бүгінгі таңда республикада өндірілетін барлық автокөлік құралдарының 61%-ы Қостанай облысында құрастырылады. Жыл басынан бері 75 мың көлік шығарылды.
2023 жылдың айтулы оқиғаларының бірі – «KIA» автокөліктерін шығаратын жаңа зауыт құрылысының басталуы. Алғашқы көлік конвейерден 2025 жылдың жазында шығады. Еңбекақысы жоғары 1500 жұмыс орнын құру жоспарланып отырған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 70 мың автокөлікті құрайды. Жоба автомобильдер шығаратын толық циклді зауыт болатындығымен бірегей. Сонымен қатар, оны іске асыру инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға ықпал етеді. Жаңа зауыттың айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылатын болады.
Азық-түлік өндірісі бойынша көшбасшылар қатарында
Облыс азық-түлік өндірісі бойынша еліміздегі жетекші орынға ие. Ағымдағы жылы 351 миллиард теңгеге жуық азық-түлік өнімдері өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық.
Жалпы, 2023 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімі шамамен 611 миллиард теңгені құрады. Салаға өткен жылмен салыстырғанда 84 миллиард теңге инвестициялар тартылды, өсім - 11%.
Жыл сайын өңірде кемінде 10 жаңа ірі өндірістік сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл ұйымдасқан шаруашылықтардағы өнім көлемін 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Осы жылы агроөнеркәсіптік секторда бірқатар перспективалы инвестициялық жобалар енгізілді немесе пайдалануға беру сатысында. Мәселен, Меңдіқара ауданында қуаттылығы жылына 40 тонна құрғақ бие сүтін (ұнтақ) өндіретін ферманы техникалық іске қосу жұмыстары жүргізілді.
Жобаның өзі бірегей және әзірге облыстағы жалғыз осындай зауыт болып табылады, Қазақстанның өзге өңірлерінде де мұндай өндірістер саны саусақпен санарлық.
Бұршақ дақылдарын өңдейтін шикізаттан бастап қаптамаға дейінгі толық циклді зауыттың да болашағы зор. Жоба шетелдік инвесторды тарту арқылы іске асырылуда. Өндірілген өнім ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығарылатын болады.
Өңірде ауыл тұрғындарын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 1,6 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Бағдарлама бойыншаа 279 кәсіпкер несие алып, шамамен 290 жаңа жұмыс орны ашылды.
АӨК саласында жаңа өндіріс орындарын құру отандық өнімнің сапасын арттыруға, тауарлар ассортиментін кеңейтуге және ең бастысы азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жайлы мектеп», ауылдық денсаулық сақтау – әлеуметтік сала қалай дамып жатыр
Биыл білім саласын қаржыландыру көлемі 17%-ға артып, шамамен 180 миллиард теңгені құрады.
Қазір 3 мектеп салынып жатыр. 2025 жылға қарай 9 заманауи мектеп салу жоспарлануда, оның 8-інің құрылысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүргізіледі. Облыс орталығында 1 300 мектеп оқушысы әртүрлі салада білімдері мен қабілеттерін дамыта алатын Оқушылар сарайы есігін айқара ашты.
Білім саласына жіті көңіл бөлу өз нәтижесін беруде – PISA халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша Қостанай облысы республикада 2-орынға ие болды.
Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру да ұлғайды. Ол 109 миллард теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артық.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында желтоқсан айында 6 медициналық объекті ашылып, 2024 жылы 19 медициналық ұйымның құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Қостанай медицинасын кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облысқа 160 дәрігер келді, оның 84-і – жас түлектер. 80 дәрігер 345 миллион теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, 59 дәрігерге баспана берілді, 46 дәрігерге медициналық ұйымдар тұрғын үйді жалға алуда.
Қостанай облысы биыл денсаулық сақтау саласында қол жеткізген маңызды көрсеткіштердің бірі – өткен жылмен салыстырғанда нәресте өлім-жітімінің 30%-ға және ана өлімінің 20%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 16%-ға төмендеуі.
Тұрғын үй бағдарламалары қостанайлықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді
Құрылыс саласы облыс экономикасындағы дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың соңына дейін 450 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға енгізіледі. Бүгінгі таңда 413 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл 3,5 мыңға жуық отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты деген сөз.
Тұрғын үйлердің облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, өңірлерде де салынып жатқаны қуантарлық жайт. Бұл мақсаттарға 28 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.
Жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Қостанай жастары» бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда. Биыл облыс өңірлерінің географиясы кеңейіп, қаржыландыру көлемі 3 есеге ұлғайтылды. Бөлінген 2 миллиард теңгеге кем дегенде 140 отбасы өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартпақ.
Қостанай облысында еліміздегі ең ұзын жолдар бар
Ал бұл 9 мың километрден астам.
Ағымдағы жылы автокөлік жолы саласының бюджеті шамамен 56 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.
94 елді мекенде 700 километр жол, 300-ге жуық көше жөнделді.
Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының үлесі 87%-ды құрады.
Жалпы құны 3 миллард теңгені құрайтын Ресей Федерациясына шығатын Әйет - Варваринск- облыс шекарасы облыстық маңызы бар автокөлік жолы учаскесін қайта жаңғырту бойынша ірі жобаны іске асыру аяқталуда. Бұл жобаны жүзеге асыру ІІІ техникалық санатқа дейінгі автокөлік жолының сипаттамаларын жақсартуға, облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыс орталығын Жангелді, Амангелді аудандарымен және Арқалық қаласымен байланыстыратын бірден-бір көлік дәлізі болып табылатын ұзындығы 50 километр «Әулиекөл-Жалдама» облыстық маңызы бар автокөлік жолының соңғы учаскесін орташа жөндеу бойынша да ірі жоба аяқталды.
Бұл өңірдің 2023 жылғы қорытындылары осындай. Ең бастысы, бұл алдағы жылы облыстың серпінді дамуының іргетасын қалайтын, атқарылған жұмыстардың ауқымдылығын көрсетеді. Қолға алынған бірегей жобалар мен биылғы жылдың нақты жетістіктері – бұл алдағы жоспарларды іске асыруға деген жауапкершілік.