Ақмола облысының Қосшы қаласындағы демалыс аймағында алты жасар бала бассейнге батып көз жұмды.
Қайғылы оқиға бүгін, 17 шілде күні болған. Баланың қайтыс болғаны туралы полицияға жедел әрекет ету қызметі хабарлаған.
Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды, – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауда.
Полиция ата-аналарға балаларды су айдындары мен бассейндердің жанында қараусыз қалдырмауға шақырды. Балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.