Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне ерекше назар аударды. Кейбір өңірлерде «коммуналдық коллапс» болғанын бәріміз де көрдік. Тұрғындар жылу, су, электр жарығынсыз қалды. Бұл – ауқымды мәселелер. Осы орайда Жолдауда инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту міндеті жүктелді, - деп айтты спикер.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы су мәселесі де еліміз үшін аса өзекті екенін атап өтті. Әсіресе, судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты өңірлерде мәселе көп. Осы орайда суға қатысты мәселелерді толық шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады.
Тағы бір маңызды мәселе – көлік-логистика. Бұл сала экономиканың күретамырына айналып келеді. Бүгін Жолдауда теңіз, жол инфрақұрылымын дамыту, көлік әлеуетін арттыру бойынша біраз міндет жүктелді. Ол үшін Көлік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей аналысады, - деді ол.
Жолдауда қоғамда қызу талқылынап жатқан мәселелер де айтылды.
Ел болашағы үшін стратегиялық маңызы зор мәселелерге келгенде, халықтың пікірін ескере отырып, шешім қабылданатынын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Атом станцияның құрылысы бойынша референдум өткізу жауапты әрі маңызды қадам болмақ. Жалпы, бүгін Президент осы сессияға арналған заң шығару жұмысының басым бағыттарын айқындап берді. Біз жаңа Салық және Бюджет кодекстерін қабылдаймыз. Олар кәсіпкерліктің дамуын ынталандырып, бизнес-процестердің бәрін түсінікті және ашық етуі керек, - деп түсіндірді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар цифрландыруды жетілдіруге, ғылым мен технологияны дамытуға заңнамалық тұрғыдан тың серпін беру қажет. Қошанов Мәжіліс монополияға қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін қолданыстағы заңға да өзгерістер енгізетінін айтты
Біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттердің заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындалуын қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттен бөлінген әрбір тиын мүлтіксіз өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Депутаттар мұны қатаң қадағалауы қажет. Заң шығару процесі азаматтық қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, ашық болуы керек. Біз бұл іске белсенді азаматтарды, соның ішінде өңір жұртшылығын да тартуға тиіспіз. Мәжіліс Жолдауда ұсынылған барлық бастама ашық талқыланатын негізгі диалог алаңына айналып келеді. Бұл қарқынды әрі қарай да бәсеңдетпеуіміз қажет, - деп айтты Ерлан Қошанов Мәжілісте.
Ол депутаттарды бар күш-жігерін салып, жиған тәжірибесін пайдалануға шақырды.