Қошанов: Азаматтар референдумға қатысуға дайын деп ойлаймын

21 Мамыр 2022, 14:46
1453
Бөлісу:
Қошанов: Азаматтар референдумға қатысуға дайын деп ойлаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болып, депутаттардың халықпен өткізілген кездесулерінің қорытындысы туралы айтып бердім, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

Мәжіліс депутаттары алдағы референдумның және Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын түсіндіру үшін өңірлерге сапармен барды. 

Депутаттар күн сайын 250-ге дейін іс-шара өткізді. Еңбек ұжымдарында, базарларда, әлеуметтік нысандарда және шалғай елді мекендерде өткен кездесулерде тұрғындармен ашық пікір алмасуға баса мән берілді. Жалпы азаматтар ұсынылып отырған реформаларды қолдайды және референдумға қатысуға дайын. Жалпыұлттық референдумға қатысты түсіндіру науқанына AMANAT партиясы да атсалысуда. Республикалық және облыстық штабтар, мәслихаттардың барлық деңгейіндегі фракция депутаттары мен партияның жастар қанаты белсенді жұмыс атқаруда, - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс депутаттары сапарларының барысында тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер жөнінде ашық пікір алысты.

Мемлекет басшысына көтерілген барлық мәселе бекітілген алгоритмге сәйкес Үкіметпен бірлесе жүйеленіп, пысықталатынын айттым. Сонымен қатар Президентке палатаның заң шығару қызметі туралы баяндадым. Атап айтқанда, сессия басталғалы бері 64 заң жобасы мақұлданған және 51-і қаралып жатыр. Олардың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында әзірленген заң жобалары да бар. Кездесуде Үкімет пен Есеп комитетінің былтырғы республикалық бюджеттің жұмсалуы жөніндегі есебін қоғамдық тыңдауға, сондай-ақ су ресурстары туралы парламенттік тыңдаулар өткізуге дайындық жұмыстарының барысына тоқталдым. Парламенттік дипломатия аясындағы жұмыстарды күшейту жөнінде де ақпарат бердім. - деді ол.

Атап айтқанда, мамыр айында Жамбыл облысы Қордай ауылындағы шекара заставасында Қазақстан мен Қырғызстан парламенттерінің халықаралық істер және қорғаныс жөніндегі салалық комитеттерінің бірлескен көшпелі отырысы өтті. 

Онда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, көлік-логистикалық және кедендік рәсімдерді жақсарту мәселелері қарастырылды.

Маусым айында депутаттар Армениядағы ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының кеңесі мен Қырғызстандағы Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырыстарына қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл жиындарда заң шығару қызметі мен сайлауды бақылау жөніндегі ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары талқыланбақ, - деді Қошанов.

Өзгелердің жаңалығы