“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы

16 Қаңтар 2024, 12:49
19034
Бөлісу:
“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қытайда қазақ бауырларымыздың дертіне шипа іздеуге көмектесіп жүрген қандасымыз бар. Ол – Амангүл Тұмарбай. Оның бұл салада жүргеніне 9 жылдан асқан. Ауыр жұмысты алып жүрген қандасымыз әңгіме барысында ауруына ем іздеген азаматтарға қалай көмектесіп жүргенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Амангүл, алдымен өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз...

- Мен Қытайда Шыңжаңдағы Іле аймағының Моңғолкүре ауданында туып-өскенмін. 1993 жылы дүниеге келгенмін. Руым найман. Шыңжаңда білім алдым. Кейін Бейжіңде Шет тілдері университетінде оқыдым. Оқуды бітірген соң Бейжіңде қалып, өз кәсібімді аштым. Кәсібімді бастардағы басты мақсатым – Қытайға келетін және осында тұратын түрлі ұлт өкілдеріне көмектесу болды.

- Ол қандай кәсіп екенін түсіндіріп берсеңіз... Қытай тілін білмейтін азаматтарға қалай көмектесіп жүрсіздер?

- Бейжіңде оқып жүргенімде әкем науқастанып қалып, Бейжіңге емделуге келген болатын. Өйткені Бейжің - Қытайдағы медицинасы озық, дамыған қала. Сөйтіп әкемді емдету үшін астанаға әкелдік. Емханада әкемді көрсетіп жүргенде сырттан келгендерді, яғни өзіміздің қазақ бауырларды жиі кездестірдім. Осылайша әкемді дәрігерге көрсетіп жүргенде қоржындарын, сөмкелерін көтеріп алған қазақтармен кездесіп қалып жүрдік. Бір-бірімізбен «қазақсыздар ма?» деп танысатын болдық.

“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы

Олар «дәрігерге көріне алмай жүрміз», «мықты мамандардың кезегін ала алмадық» я болмаса «қытай тілін білмегендіктен жатын орын ала алмадық» деп қиын жағдайларын айтатын. Өзім студент болсам да, қолымнан келген көмегімді көрсететінмін. Ал олар ризашылықтарын білдіретін.

Сөйтіп көбі ауылдарына оралған соң «әлі Бейжіңде оқып жатырсың ба?» деп қайта хабарласатын болды. Олар «менің ауылдасым Бейжіңге баратын еді, көмегіңді бересің бе?» деп сұрап, көмек сұрайтын. Сөйтіп Бейжіңге келетін кісілердің көбі маған хабарласатын болды.

“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы

Мен негізі заң факультетін бітіргенмін. Оқуымды аяқтаған соң интернетте тікелей эфирге шығып, заң саласында көмекке мұқтаж қазақтарға кеңес бере бастадым. Сөйтіп қазақтарға дау-дамайларын шешуге заңгер ретінде кеңес беріп жүрдім. Кейін заңгер болып қызметке тұрған соң бұл жұмысты қосымша алып жүруге қол тие бермейтін болды. Оған қоса Бейжіңге келетіндер де көмек сұрап хабарласып жүрді. Кейін заңгер боламын ба әлде кәсіппен айналысамын ба деген ой мазалады.

Өзім кішкентайымнан қазақ тілінде оқып өскендіктен қытай тілін қытайша оқыған балалардай мықты емеспін. Сөйтіп Бейжіңде жүргенде қытай тілі жағынан қиындықтар туды. Заңды мен қытай тілінде оқығандықтан, Шыңжаңға оралсам қазақ тілінен қиналамын деп ойладым. Сөйтіп кәсіпті жалғастыруға кедергілер болып, заңгер болып бір жылдай қызмет еткеннен кейін өз еркіммен кеттім. Осылайша 2013 жылдан бастап қазіргі кәсібімді ашып, Бейжіңге келген науқастарға қызмет көрсете бастадым.

Осы салада жүріп, білмегенімді өзім де үйрене бастадым.

Шыңжаң аумағынан Бейжіңге дейін пойызбен келу үшін 37 сағат кетеді, ал ұшақпен келсе 4 сағаттай уақыт кетеді, бірақ жол құны қымбаттау болады. Оған қоса жатын орны мен тамақ шығыны болады. Осындай шығындарды азайту үшін дәрігерге көрінетіндер алдымен маған құжаттарын жібереді. Оны мен Бейжіңдегі дәрігерлерге көрсетіп, тіркеп беремін. Сөйтіп емделу уақытын қысқартып, жұмысын тез бітіріп кетуге көмек беремін.

Осылайша мұқтаж адамдар іздеп келе бастады. Кәсібім көптеген кісіні науқасынан айықтыруға көмектесетін, оларға жол көрсететін, қиналған адамға көмектесе алатын, шөлдеген адамға су бере алатын шамам бар екен ғой деп ойлап, кәсібімді сүйіп істей бастадым.

Компанияны құрған соң қызметкерлер алып, оларды үйретіп бастадым. Бізге жүгінгендерге дәрігерге көрінуге, қаланың әдемі жерлерін аралатуға жол көрсетеміз. Көбіне Шыңжаң аймағынан келген қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр бауырларымызға көмектесеміз.

Қазақстаннан да көп кісі хабарласады. Мысалы, олар паспортын, медициналық құжатын қытай тіліне аударып жібереді. Біз оны алып, дәрігерге көрсетіп, қажетті дәрісін алып жібереміз. Яғни қазақстандықтардың Қытайға келмей-ақ қоюына болады. Ол үшін барлық жұмысты біздің компания істеп береді. Ал ота жасау керек болса, біз алдымен барлық жағдайды жасап қоямыз, олар ерте келіп, сарылып тосып қалмайды, тек ота жасау күнінде ғана келеді.

“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы

Ем алушылар қытайдың медицинасы мықты, оған тіпті ем алуға келгенде көздері жеткенін айтып жатады.

- Қанша адамға ем алуға жол көрсеттіңіз?

- Осы салада жүргеніме 9 жылдан асты. Осы уақыт ішінде мен арқылы емханаға көрінген адамдардың саны шамамен 3 000-4 000 адамға жетеді.

- Сіздерге жүгініп жатқан қазақтар көбіне қандай ауруларын емдетуге келеді?

- Иә, ауырмай-ақ қояйық. Десе де Қазақстаннан келетін науқастарға да есігіміз әрдайым айқара ашық.

Қазақ халқында талма ауруы көп кездеседі. Осы уақытқа дейін шамамен 1000 адамды осы ауруымен емхана көрсеттім. Соның ішінде 900-ден аса адам ауруынан айығып кетті деп айта аламын. Бейжіңнің осы ауруға қарсы емі дамыған.

Бүйрек, бас және көз ауруларын емдейтін жақсы емхана да осы Бейжіңде орналасқан. Қаладағы көптеген емханамен байланысымыз бар.

Жақында ғана 8 жастағы науқас баланы емханаға көрсеттім. Есімі – Есен. Ол алдымен Шыңжаңда емделген екен. Бірақ дәрігерлер баланың аяғын кесіп тастау керегін айтыпты. Сөйтіп баламен Шыңжаңда емханада кездесіп қалып, оны Бейжіңге әкеліп көрсеттім. Қазір баланың жағдайы жақсы, емделіп шықты, аяғы да сау.

“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы

Есеннің ата-анасы жас отбасы. Оның әкесінің емге қаржысы да аз болды. Ол баласын емдетуге халықтан қаржы жинады. Қазақстаннан да бұрын Қытайдан көшіп кеткен бауырымыз көп көмегін тигізді.

- Компанияңызда қызметкерлердің бәрі қазақ па?

- Қытай тілін жетік меңгерген қазақтар жұмыс істейді. Адам ертіп жүргендіктен әріптестерімнің медициналық сауаты да жоғары.

- Саяхат жасауға гид қызметін де көрсетеміз дедіңіз... Бұл қызметке не кіреді?

“Қоржындарын арқалаған қазақтарды кездестірдім”: Дертіне шипа іздегендерге көмектесіп жүрген қытай қазағы

- Бұл бағытты жақында ғана бастадық. Туристік жерлерді қазақша таныстырамыз. Оған қоса ұлттық тағамдар мейрамханаларына апарамыз. Ұлттық ансамбльдерді де саяхатымызға қосамыз. Осылайша ұлттық саяхат бағытын дамытып жатырмыз.

- Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?

- Алдағы уақытта Қазақстанмен де бірлесіп осындай компания ашқым келеді. Себебі бұған дейін Қазақстаннан келген науқастарға да өз қызметімізді, көмегімізді көрсетіп жүрміз.

- Уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге рақмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы