Оқыс оқиға 4 сәуірде Іле өзенінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 4 сәуірде Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының Төменгі Іле балық инспекциясының мемлекеттік инспекторы және «Майтан» ЖШС қорықшысы Іле өзенінде бірлескен рейд жүргізген. Іс-шара барысында тыйым салынған құралдарды, оның ішінде электр тоғын қолдана отырып, заңсыз балық аулау дерегі анықталды.
6 браконьер 3 моторлы қайықпен балық аулауға шыққан. Оларды ұстамақ болған кезде браконьерлер мемлекеттік қызметкерлердің қайығын суға батыруға әрекет жасап, оқиға орнынан бой тасалап кетті.
Бұл - ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабында көзделген құқық бұзушылықтың құрамы, яғни мемлекеттік инспектор мен қорықшының қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың өміріне қолсұғушылық саналады.
Осы бапқа сәйкес жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен қорықшыға қатысты олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде қасақана іс-әрекеттері үшін браконьерлердің мүлкі тәркілене отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Сонымен қатар балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз өндіргені үшін ҚР ҚК-нің 335-бабымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік белгіленеді. Осыған байланысты Алматы облысы Балқаш ауданының полиция бөліміне 2023 жылғы 6 сәуірде браконьерлерді ұстау кезінде қарсылық көрсету, қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды адамдарға шабуыл жасау және заңсыз балық аулау фактілері бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін өтініш берілді, - делінген министрлік хабарламасында.
Бұл мәселе ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитетінің бақылауына алынды.