Қорғаныс министрлігінде әскери қызмет қауіпсіздігінің өзекті аспектілері талқыланды

18 Маусым 2022, 09:40
1674
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігінде әскери қызмет қауіпсіздігінің өзекті аспектілері талқыланды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында тәрбие және идеологиялық жұмысты жетілдіру, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. 

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери қызметтің өмірге әруақыт қауіп-қатер төндіретінін атап өтті. Әскери қызметші қарумен жаттығулар жасайды, жауынгерлік техниканы басқарады, әскери нысандарды күзетеді, оқу-жаттығуларға қатысады. Алайда, әскерде олқылықтар мен бақылаудың жоқтығы нәтижесінде болатын шығындарға жол берілмеуі тиіс.

Кеңеске қатысушылар әскерге сана-сезімі мен дүниетанымы қалыптасқан, дене дайындығы мығым жастар келуі тиіс екенін алға тартты. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, іс жүзінде барлығы көңіл қалағандай бола бермесі тағы бар.

Осыған қарамастан, әскер нағыз Отан қорғаушы азаматты тәрбиелеп, өмір мектебінен өтуге көмектесіп, бір ұжымда жұдырықтай жұмылып қызмет етуге, болашақ өміріне бағдар беруі тиіс. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші қызметтің алғашқы күндерінен бастап әскери борышын өтеуге келген азаматқа тәртіп ұғымы жіті түсіндірілуі керек. Сержанттар мен офицерлердің күнделікті тәлім-тәрбиесі оларды әскери міндетті адал орындауға ынталандыруы қажет.

Сондай-ақ, кеңесте офицерлер мен сержанттар құрамының күнделікті тиянақты тәрбие жұмысын жүргізудегі қабілетінің төмендеп бара жатқаны көтерілді.

Қорғаныс министрлігінде әскери қызмет қауіпсіздігінің өзекті аспектілері талқыланды

Сайып келгенде бүгін біз жеке құрамға өзінің жеке үлгісімен тәрбие беріп, өз ойын ұтымды жеткізіп, жауынгерге жігер бере алмайтын жекелеген командирлерді тәрбиелеп өсірдік. Бұл ретте жұмысқа жаңа әдістерді енгізе отырып, біз бұрнағыдан қалыптасқан озық тәсілдер туралы ұмытып кеттік, – деп атап өтті кеңес барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов. 

Кеңес барысында қайтарымсыз шығындарды азайтуға, суицидтердің алдын алуға және азаматтар мен қоғамның армияға деген сенімін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыс бастау алды. Ол үшін әскери қызметтің тиісті жағдайларын жасау, әскери ортадағы жағымсыз құбылыстардың алдын алу жөніндегі қызметті қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударылды.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов бағдарламаны әзірлеуге басқа әскерлер мен әскери құралымдарды, әскери ғылыми қоғамдастықты және келісім бойынша Бас әскери полиция мен қоғам өкілдерін жұмылдыру қажеттігін алға тартты.

Кеңес қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов лауазымды тұлғаларға қару-жарақ және әскери техникамен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, әскери инфрақұрылымды жетілдіруге, сондай-ақ әскери қызметшілермен және олардың отбасы мүшелерімен профилактикалық жұмысты ұйымдастыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. 

Өзгелердің жаңалығы