Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің барысын көрсетуге арналған «Сарбаз күнделігі» атты жаңа медиажобаны іске қосты.
Жоба көктемгі шақырылыммен әскерге келген сарбаздардың алғашқы күнінен бастап запасқа шығарылғанға дейінгі әскери өмірін қамтиды. Оған еліміздің әртүрлі гарнизондарында қызмет атқарып жатқан әскери қызметшілер қатысады. Олар әскери өмірдегі әсерлері, жетістіктері мен күнделікті қызмет барысын өз көзқарасымен баяндайды.
Медиажоба аясында әскери ант қабылдау, жауынгерлік және дене дайындығы, далалық оқу-жаттығулары, әскери мамандықты меңгеру, күнделікті қызмет, жаңа достар, алғашқы жетістіктер мен түрлі сынақтар бейнекүнделіктер, сұхбаттар, репортаждар және қысқа бейнероликтер форматында ұсынылады.
Жобаның мақсаты – әскери қызметтің шынайы келбетін сарбаздардың өз көзімен көрсету және жастарға әскердегі өмір туралы жан-жақты ақпарат беру.
«Сарбаз күнделігі» жобасының материалдары Қорғаныс министрлігінің YouTube, Telegram, Instagram және TikTok желілеріндегі ресми парақшаларында, сондай-ақ жобаға қатысушы мерзімді әскери қызметшілердің жеке аккаунттарында жарияланады.