Қорғаныс министрлігі балаларды мерекелік тосынсыйлармен қуантты

27 Желтоқсан 2022, 18:21
1026
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігі балаларды мерекелік тосынсыйлармен қуантты

Қорғаныс министрлігінің басшылығы Жаңа жыл қарсаңында балаларды мерекелік тосынсыйлармен қуантты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов оңтүстік өңірге сапары барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұратын әскери қызметші Алмас Шұңғыловтың көпбалалы отбасына арнайы барып, құттықтады.

Тау атқыштары ротасының бөлімше командирі 3-сыныпты сержант Алмас Шұңғылов Қарулы күштерде жиырма жылдан астам қызмет етіп келеді. Жұбайы Жәмила екеуі он бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Кенжелері - Қайсар мен Каусар атты егіз бала өткен жазда дүниеге келген.

Әскери қызметшінің үлкен ұлдары Бексұлтан, Ерболат, Рахат, Нұрхат әкелері сияқты әскери адам болуды армандайды. 

Қорғаныс министрлігі жаңа Қазақстанның болашағы - әскери қызметшілердің балаларына барынша көңіл бөліп келеді. Оның ішінде, әрине, көп балалы отбасылары да ерекше қамқорлыққа алынған. Әскери қызметшілердің балалары мемлекеттен әрқашан қолдау мен қамқорлықты сезінуі тиіс, - деп атап өтті генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов.

Балалар Қорғаныс министрінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар алды. 3-сыныпты сержант Алмас Шұңғылов мұндай қамқорлық армияның берік отбасылық дәстүрлерді құрметтейтін және қолдайтын үлкен тату-тәтті ұжым екендігінің дәлелі болып табылады деді.

Өзгелердің жаңалығы