Алматыда жерасты өткелдерінінің қабырға тастары қирап, көркі кете бастаған. Кейбірінде жарық жоқ, қоқыс тастайтын орынға айналған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғындары өткелдің жай-күйіне алаңдаулы. Олардың пікірінше, жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу керек. Жарығы жоқ өткелдер әсіресе, кешкі уақытта қорқынышты.
Жаяу жүргіншілер үшін арнайы жасалған жоласты өткелдері халыққа қызмет етуі тиіс. Ол үшін мына жерлер талапқа сай болса дейміз. Өткелдің баспалдақтарымен түсіп келе жатып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін орнатылуға тиісті пандустарды көремін. Бірақ олар арбаға тиелген күйі тұр. Содан кейін күмбірлеген күйдің дауысы естілді. Адымдай басып, алға жүргенде бойыңды бірден қорқыныш билейді екен. Өйткені, жерасты өткелдерінің кейбірінде жарық жоқ. Қараңғы, шаң басып, қоқысқа толған жермен кім жүреді? Осындай көріністерден кейін жаяу жүргіншілер жолды кесіп өтпей қайтсін? Жол-көлік апатына да себепші болатын жайттар осы ғой?!, – дейді Махаббат Сайлау есімді қала тұрғыны.
Алматыда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік кептелістерін азайту мақсатында салынған жоласты өткелдері көп-ақ. Олардың басым көпшілігі Алмалы, Алатау және Бостандық аудандарында орналасқан.
Алатау ауданында 5 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар. Өткелдердің күтіміне бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл қаражат өткелдерді тазалауға, күл-қоқысын шығаруға, кем-кетік жерлерін жөндеуге, бейнебақылау камералары мен шамдарды орнатуға жұмсалады. Кейде адамдар шамдарды шағып, сурет салып, жазу жазып кететін әрекеттері болады. Бұндай жағдайда, айналасы 1 аптаның ішінде жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Қасақана жасалған әрекеттерді бейнекамерамен бақылауға алып отырамыз, – дейді Алатау ауданының әкімдігінің баспасөз қызыметі.
Қаланың 8 ауданындағы жерасты өткелдерінің ахуалы әртүрлі. Мәселен, Әл-Фараби мен Меңдіқұлов көшелерінің қиылысындағы жоласты өткелдерінде жауынды күні су жиналып, халықтың жүріп-тұруына қиындық тудырады.
Жерасты өткелдеріне көңілім толады. Жаңартқалы жағдайы жақсарды. Бұрындары іші қопарылып, бомждар мекендеп жүретін еді. Сол кезде жүріп өтуден қорқатын едік. Кейде, жаңбыр жауған кезде Әл-Фарабидің бойындағы өткел суға толып кететін еді. Жаңбырлы маусымда бұл жағдай қайтадан қайталанбаса, – дейді Дана Ақжолова есімді қала тұрғыны.
Еске салайық, 2018 жылы 48 жерасты өткелдері жаңартылған. Қала бюджетінен екі жарым миллард теңге жұмсалған.