Қазақстан қоғамдық даму институты 2024 жылы жариялаған Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасында Қазақстанда жаңа неке түрі “қонақ неке” пайда болғанын атаған еді. Қонақ неке деген қандай неке, оның пайда болуына не себеп және қонақ некеде тұрудың артықшылықтары мен кемшіліктері жөнінде психолог Галина Каздаевадан сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қонақ неке деген не?
Қонақ неке — бұл адамдар әртүрлі пәтерде тұратын, бірақ бір-біріне адал болуға уәделескен неке түрі. Яғни бұл – моногамды қатынас. Қонақ некенің басты ерекшелігі ерлі-зайыптылар бірге тұрмайды. Олар әртүрлі елдерде, қалаларда, тіпті бір қалада бөлек тұруы мүмкін. Ал қалған барлық мәселелер жұптардың өзара келісімімен шешіледі — кім қандай іспен айналысады, кім неге қатысады, ортақ уақытты қандай шарттармен өткізеді, - дейді маман.
Психолог қонақ некеде тұратын жұптар некені заңды түрде тіркеуі де, тіркемеуі де мүмкін екенін айтты.
Мысалы азаматтық неке бар. Адамдар бір үйде тұрады. Бірақ қарым-қатынасын заңдастырмайды. Ал қонақ некедегі жұп АХАЖ бөлімінде неке қиып, заңды түрде жұбай атанса да, атанбаса да бөлек тұрады, - деді Галина Каздаева.
Неке форматы өзгеріп жатыр
Психолог неке форматы қазіргі заманда айтарлықтай өзгергенін айтады.
Бұрын адамдар үлкен отбасы, әулеттер болып өмір сүретін. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді болатын. Себебі міндеттер ересек адамдардың арасында бөлінетін. Әйелдер үй шаруасымен ғана айналысатын. Қазір бәрі өзгерді. Әйелдердің құқықтары ерлермен тең. Көп әйелдер ерлерге тәуелді емес. Соған байланысты олардың таңдау құқығы бар, - деді маман.
Галина Каздаева әйелдер қаржылық тұрғыда еркектермен теңескендіктен, неке көбіне құрметке, махаббатқа және жайлы өмір сүруге негізделе бастады деп санайды.
Қазір ер мен әйел қаржылық жағынан тең болса, біреуге қандай да бір жағдай ыңғайсыз бола бастаса, бір-бірін ұстап тұрудың мәні жоқ. Адамдар арасында дербестік, шекара, арақашықтық күшейіп жатыр. Осыған байланысты неке институты да өзінің пішінін өзгертіп жатыр. Нәтижесінде қонақ неке сияқты жаңа неке түрі пайда болды, - деді ол.
Қонақ некені кімдер таңдайды?
Психолог Галина Каздаева 9 жылдық тәжірибесінде қонақ некеде тұратын клиенттер 2019 жылдан бастап кездескенін айтты.
Менің байқауымша, қонақ некені таңдайтындар жас жұптар емес. Әдетте олардың жасы 35 жастан кіші болмайды. Маған келген жұптардың жасы 35-40-тарда болды. Ондай адамдар өзін танып, өзіне не керегін біледі, - деді ол.
Галина Каздаева қонақ некені ажырасқан әйелдер жиі таңдайтынын жеткізді.
Клиенттерімнің арасында бұрын тұрмыста болған әйелдер бар. Олар ажырасып кеткен, балалары есейген. “Бірге тұрайық”, “маған тұрмысқа шық” деген ер адамды кездестіргенде тамақ дайындау, үй жинау сияқты тұрмыстық дүниелерге оралғысы келмейді. Өз комфортына үйренген. Сондықтан “күнде кездесіп тұрсақ та, құлағымның түбінде біреу қорылдап жатқанын қаламаймын” дейді олар, - деп бөлісті психолог.
Ол сүйіктісімен қалада тұрса да, жұмысы өз үйіне жақын болғандықтан, бөлек тұруды таңдайтын жұптар барын атады. Сондай-ақ Галина Каздаева қонақ неке тек қаржылық жағдайы жақсы адамдарға ғана қолжетімді екенін айтты.
Төмен табысы бар жұптарда мұндай өмір салтына мүмкіндік болмауы мүмкін. Ал орта немесе жоғары табысы бар жұптар жеке кеңістік пен жайлылықты таңдауы мүмкін. Олар қарым-қатынастағы қашықтықты өздері реттеп, бірге өткізетін уақытты келісім бойынша ұйымдастырады. Мұндай жұптар көбінесе жауапкершілікті тек өзі қалаған шеңберде ғана алғысы келеді. Ересек, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын адамдар үшін бұл жерде басты мәселе – жеке жайлылық, - деді маман.