Қонаевтағы казинолар жұмысын жалғастыра ма?

13 Маусым 2022, 14:07
1397
Бөлісу:
Қонаевтағы казинолар жұмысын жалғастыра ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қонаев қаласындағы казинолардың әрі қарай жұмыс істеуі мәселесі қаралатынын айтты.

Ресми түрде Алматы облысының орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев (бұрынғы Қапшағай қаласы) қаласында бірнеше казино орналасқан. Қонаев қаласындағы казино мәселесі қалай шешіледі? Казино ғимараттары әкімшілік мекемелеріне берілуі мүмкін бе? – деп сұрады журналистер.

Ұлттық экономика министрі сұрақ бұған дейін министрлік деңгейінде қаралмағанын атап өтті.

Бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде талқыланған жоқ. Менің ойымша, осы қалаға ерекше мәртебе берілгендіктен осы мәселе де мұқият қаралады. Олардың ғимараттары да шешілетін мәселе. Егер қажет болса және олар ғимараттарын жалға беруге дайын болса, онда оны да алуға болады, - деп жауап берді Әлібек Қуантыров брифингте.

Естеріңізде болса, наурыз айындағы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгертіп, оны Алматы облысының орталығы етуді ұсынған болатын.

Кейін мамырдың 3 күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы облысының Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша Қапшағай қаласы ресми түрде Қонаев атауына ие болды.

Өзгелердің жаңалығы