Базарда, дүкенде саудагерлер не себепті электронды ақшаны қабылдағысы келмей, қолма-қол төлем сұрайды? Бұл қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа қаржыгер Сымбат Сағидоллаева «Жаңарған Қазақстан» арнайы жобасының кезекті санында жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салық – ол кез келген мемлекет тұрғынының инфрақұрылымды қолданғаны үшін беретін жарнасы. Бізде әр жыл сайын немесе Парламент, министрлер өзгерген сайын бұл жарна да өзгеріп отырады. Өйткені әркім өзінің өзгерісін енгізгісі келеді, - деді қаржыгер Сымбат Сағидоллаева.
Қаржыгер салық режимі енгізілгелі бері электронды ақша қабылдамайтын саудагерлердің көбейіп кеткенін айтты.
Салық режимі қосылғалы бері базарларға барған кезде саудагерлердің «қолма-қол ақшамен төлеңіз», «біз Kaspi-мен қабылдамаймыз» деп айтатындарын байқадық. Неге? Өйткені кез келген заңды тұлғалардың бизнес шотынан басқа шоттары да, мысалы, Kaspi-і де бақылауға алынды. Сол себептен базарда тұратын және шағын дүкен иелері «қолма-қол ақшаны ғана бересіз» дейді. Бұл «қара сауданың» дамуына алып келеді. Бұл негізінен дұрыс емес, - деп түсіндірді экономист.
Сағидоллаева «қара саудамен» қалай күресу керегін айтты.
Салық органдары «мұнымен қалай күресеміз?» деген сұрақты қойды. «Нарықта қолма-қол ақша көбейіп кетпей ме?» деген сұрақты да көтерді. Егер фискалды түбіртек сұрасаңыз, бірақ оны бермесе, онда ол туралы салық органдарына хабарлайсыз және сізге бонус түседі, - деп айтты қаржыгер «Жаңарған Қазақстан» жобасына берген сұқбатында.
Елімізде Салық Кодексіне қандай түзетулер енгізілген:
- Бірінші блок: еңбекақы қорына жүктемені азайту;
- Екінші блок: салалық заңнамалардағы өзгерістер;
- Үшінші блок: отандық тауар өндірушілерді ынталандыру;
- Төршінші блок: көлік жүйесін одан әрі дамыту;
- Бесінші блок: жеке тұлғалардың төлемдері.
Бұған дейін «Жаңарған Қазақстан» арнайы репортажының кезекті санында салық мәселесі қозғалғаны туралы жазған болатынбыз.