Тоғыз айдың қорытындысында отандық өндірушілермен жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмендеген. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жоюды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы жыл басынан іске қосылған қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі нақты өндірісті қолдауға және тауарлардың шығу тегінің ашықтығын қамтамасыз етуге арналғанын айтты. Оның көмегімен 70 мыңнан астам тауар позициясы бойынша 2,7 мыңға жуық өндірушінің қызметі расталған.
Тізілім мемлекеттік сатып алуда, құрылыс саласында, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында, сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру кезінде белсенді қолданылуға тиіс. Осы мақсатта тек отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесі де кеңейтілген.
Алайда қабылданған шараларға қарамастан, шарттар көлемі азайған. Кәсіпорындардан өз мәртебесін растау рәсімдерінің ұзаққа созылуына қатысты шағымдар да түсіп жатыр.
Бұл сатып алу саласында және тізілімнің жұмысында бірқатар мәселенің барын көрсетеді, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында да отандық кәсіпорындардың үлесін арттыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Қатты пайдалы қазбалар саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17 пайызды құраған.
Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Қаржы министрлігімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жою және отандық өндірушілермен жасалатын шарттар көлемін ұлғайту тапсырылды.
Тауар өндірушілер тізілімінің жұмысы да жетілдірілуге тиіс. Кәсіпорынның нақты өндірісі бар-жоғын онлайн тексеру үшін оның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастығы кеңейтіледі.
Бектенов үш ай ішінде тізілімге енгізу рәсімін мемлекеттік көрсетілетін қызмет форматына ауыстыруды тапсырды. Бұл ретте өтінімдерді қарау мерзімдері нақты белгіленуі керек.
Сондай-ақ өнеркәсіп және энергетика министрліктері жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, отандық кәсіпорындардан сатып алынатын тауарлардың тізбесі мен көлемін айқындауға тиіс. Жыл соңына дейін импортты алмастыратын өнімдер бойынша 2027 жылға арналған ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк келісімшарттарының жоспарын бекіту тапсырылды.