Қазақстандықтардың 85%-дан астамы Президенттің армияны реформалау туралы шешімін қолдайды

29 Қыркүйек 2026, 14:29
АВТОР
 ©BAQ.KZ 29 Қыркүйек 2026, 14:29
29 Қыркүйек 2026, 14:29
160
Фото: ©BAQ.KZ

Қоғамның басым бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қорғаныс министрлігін тексеру және Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімін қолдайды. Бұл «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен арнайы кеңесте әскердегі жағдайға баға беріп, министрліктің жұмысына жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырған болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді жүктеді.

Осыған байланысты қоғамның мемлекет қабылдап жатқан шараларға көзқарасын анықтау мақсатында «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы 28-29 қыркүйекте сауалнама жүргізді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 85,2%-ы Президенттің Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін толық немесе ішінара қолдайды.

Ал Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімді қолдайтындардың үлесі 85,7%-ды құрады.

Армияға қандай өзгерістер қажет?

Сауалнама барысында респонденттерге армияда қандай өзгерістер қажет екенін көрсетуге мүмкіндік берілді. Қатысушылар бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді.

Ең көп аталған ұсыныстардың қатарында:

  • 47,4% – Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігін арттыру;

  • 34,3% – командалық құрамды жаңарту және оның кәсіби деңгейін көтеру;

  • 29,4% – қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту;

  • 25,3% – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын жақсарту;

  • 20,7% – қару-жарақ пен әскери техниканы жаңарту;

  • 20,4% – жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу;

  • 19,2% – жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығу деңгейін арттыру.

Сауалнама нәтижесі қоғамның армиядағы өзгерістерді тек әскери-техникалық әлеуетті арттырумен шектемейтінін көрсетеді. Респонденттер әскери қызметтің күнделікті жағдайын, қауіпсіздік пен әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін де маңызды деп санайды.

Зерттеу авторларының мәліметінше, Президент бастамаларын қолдаудың жоғары деңгейі реформаның нәтижесіне қатысты нақты қоғамдық күтулермен қатар жүріп отыр. Яғни армия реформасының тиімділігі әскери техника мен қару-жарақтың жаңаруымен бірге әскери қызметшілердің жағдайы мен қауіпсіздігінің жақсаруымен де бағалануы мүмкін.

Сауалнама қалай жүргізілді?

«Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы сауалнаманы 2026 жылғы 28-29 қыркүйекте онлайн-сауалнама (CAWI) әдісімен өткізді.

Зерттеуге Қазақстанның 17 облысы және республикалық маңызы бар үш қаласынан – Астана, Алматы және Шымкенттен 18 жастан асқан 1012 респондент қатысты.

Наверх