ҚХП мәслихат сайлауына кандидаттар тізімін бекітті

25 Қаңтар 2023, 20:15
1560
Бөлісу:
ҚХП мәслихат сайлауына кандидаттар тізімін бекітті

Қазақстан Халық партиясының Астана қалалық филиалы кезектен тыс ұйымдастырған ХІХ конференциясында алғашқылардың бірі болып, мәслихат сайлауында бақ сынайтын үміткерлердің тізімін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конференцияны ҚХП Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрдәулет Оразханов жүргізді. Шара шеңберінде партия белсенділері Геннадий Филиппов пен Арай Құмаржанова төралқа құрамына енді, ал Дария Тұрар хатшы болып сайланды.

Мәслихаттар сайлауына кадр іріктеу – аса маңызды әрі жауапты іс. Себебі саяси сайыста жеңіске жеткен жандар елорданың дамуы мен гүлденуіне қатысты шешім қабылдайды және бұқараның базынасын билікке жеткізеді. 

Жиында ҚХП Астана қалалық филиалынан партиялық тізім бойынша Астана мәслихатына 14 кандидат ұсынылды. Ал бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша қалалық мәслихат депутаттығына 6 кандидат үміткер болып бекітілді.

Барлық үміткерлерге жеңіс тілеймін! Біз сіздердің топ жарып келетіндеріңізге сенеміз! – деп қорытты конференцияны Нұрдәулет Оразханов. 

Бекітілген тізім аумақтық сайлау комиссияларына жолданады. ҚХП мәслихаттарға 600-ге жуық кандидат ұсынуды жоспарлап отыр. Олардың 40%-ы додаға бір мандатты округтерден қатысады.

Қала тұрғындары мәслихатта билікке жақын жүрген жандар ғана депутат болуға тиісті емес деп санайды. Олардың ойынша, мәслихат депутаттарының құрамында халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын халықшыл тұлғалар болуға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы