ҚХА-ның 30 жылдығы: Бірлік пен тұрақтылық – ел экономикасының негізі

24 Сәуір 2025, 17:41
1078
Бөлісу:
ҚХА-ның 30 жылдығы: Бірлік пен тұрақтылық – ел экономикасының негізі
Фото: Арман Мухатов

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігінің, этносаралық келісім мен тұрақтылықтың символына айналған ерекше институт. Биыл Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Тұрақтылық пен татулықтың тірегі

Президенттің айтуынша, Ассамблея – ел Тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуда шешуші рөл атқарған ұйым. 1995 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл құрылым бүгінде конституциялық мәртебесі бар маңызды институтқа айналды.

Ассамблея еліміздегі келісім мен тұрақтылықтың қайталанбас үлгісін қалыптастырды. Ол Қазақстандағы барлық этностардың теңдігін қамтамасыз ететін бірегей қоғамдық платформа, - деді Мемлекет басшысы.

Кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік мектебі

Ассамблея түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдармен, ғылыми орталықтармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Оның құрамындағы жастар қозғалыстары мен мәдени жобалар – отаншылдықты, адалдықты дәріптейтін маңызды құралға айналды.

"Ассамблея жастары", Студенттік Ассамблея, "Жаңа толқын" сынды құрылымдар – азаматтық тәрбиенің өзегіне айналып отыр.

Этномәдени әр алуандылық – біртұтас ұлт болмысы

Бүгінде елімізде 9 орыс драма театры, ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары сәтті жұмыс істеуде. Бұл – "Бірлігіміз – әр алуандылықта" деген қағидаттың нақты көрінісі.

Президент өз сөзінде еліміздің мәдени әртүрлілігі мен ұлтаралық түсіністікті сақтау үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар қалаларда жаңа Достық үйлері ашылатынын айтты.

Заманауи сын-қатерлер мен Ассамблеяның жаңа міндеттері

Қоғамның өзгеріп жатқанын ескере отырып, Ассамблея қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру қажет. Мемлекет басшысы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама дайындау жұмыстарын бастау туралы тапсырма берді.

Ассамблея – этносаралық саясаттағы стратегиялық штабқа айналуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Таза Қазақстан" – ұлт рухының көрінісі

Президент Ассамблеяны "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырды. Бұл тек экология емес, бұл – мәдениет пен отансүйгіштіктің, сана тазалығының белгісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі қоғамдық келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында жұмыс істейтін жалпыхалықтық орган. Ол еліміздің басты құндылықтарын – әділдік, теңдік және бірлік идеясын өмірдің барлық саласында іске асыруға қызмет етеді.

"Мемлекеттің ішіне іріткі салу – оңай шаруа"

Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтау мәселесіне ерекше тоқталды.

Мемлекеттің ішіне іріткі салу оңай. Біз осындай пікірлерді жиі айтып жүреміз. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан сайын, көпшіліктің көзқарасы өзгеріп жатқанын байқаймыз, - деді сенатор.

Оның айтуынша, әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің әрқайсысының өз мүддесі бар, ал мүдделер қақтығысқан жерде ресурстар үшін талас басталады. Бұл жағдай басқа елдің ішкі тұрақтылығына әсер етуге, тіпті әскерін әлсіретуге әкелуі мүмкін.

Бүгін бар елдер ертең бірнеше мемлекетке бөлініп жатқанын көріп отырмыз. Осындай жағдайға жол бермес үшін бірлігімізді бекем ұстап, отбасылық деңгейден бастап әрбір азамат үлесін қосуы тиіс, - деді Алишер Сатвалдиев.

"Бірлігі бар елдің экономикасы да мықты болады"

Ал "Достық" атты өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойына арналған сессияның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Мемлекет басшысының баяндамасында айтылған бағыттар бүгінгі нақты жұмыстармен ұштасып жатыр. Сонымен қатар, 30 жыл ішіндегі жетістіктерге шолу жасалды, - деді ол.

Хашимжанов Ассамблеяның үш онжылдықтағы басты жетістігі – этносаралық татулық пен келісімнің қазақстандық моделін қалыптастыру екенін айтты.

Бұл – үлкен жетістік. Біз осыны сақтауымыз керек. Ол үшін ұлтаралық қатынастарға ерекше көңіл бөлініп, жұмыс жаңа тәсілдермен жүргізілуі тиіс, - деді төраға.

Этномәдени бірлестік жетекшісі елдегі тұрақтылықтың негізі – заң мен тәртіп екенін ерекше атап өтті.

Бірлігі бар ел тасты да қақ жарады. Экономикасы да мықты болады. Бұл – өмірден алынған ақиқат. Сондықтан заң мен тәртіп сақталуы тиіс, - деп қорытындылады Икрам Хашимжанов.

Өзгелердің жаңалығы