ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн Қазақстан футболының дамуы, ұлттық құрама және жоспарлары туралы айтты

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн ҚФФ-ның мақсаттары, жаңа бапкерді іздеу және футболды дамыту туралы айтып берді.

31 Шілде 2026, 20:33
АВТОР
 ©BAQ.KZ 31 Шілде 2026, 20:33
31 Шілде 2026, 20:33
176
Фото: ©BAQ.KZ

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн BAQ.KZ тілшісі Зарина Козоваға берген эксклюзивті сұхбатында өзінің бұл қызметке тағайындалуы, Қазақстандағы футболды дамыту жоспарлары, ұлттық құрамалардың міндеттері, жаңа бас бапкерді іздеу, клубтармен өзара әрекеттесу және ҚФФ-ның таяу жылдарға қойған мақсаттары туралы айтып берді.

Сұхбаттың видеонұсқасын BAQ.KZ YouTube-арнасынан көрсеңіздер болады.

Негізгі мақсаттар

Скотт Манн ҚФФ-ның ұсынысын Федерация басшылығының футболды дамытуға қатысты айқын пайымының арқасында қабылдағанын атап өтті.

Бас хатшы лауазымындағы басты міндеттері туралы айта келе, ол үш негізгі мақсатты атап көрсетті:

«Біріншісі – ұлттық құрамалар. Біз ерлер және әйелдер құрамаларының ірі халықаралық турнирлерге қатысушылар қатарынан көрінгенін қалайтынымызды анық түсінуіміз керек. Бұл жылы бізді өте маңызды екі жарыс күтіп тұр.

  • Біріншіден, әйелдер құрамасы әлем чемпионатына іріктеу шеңберінде Ирландияға қарсы екі матч өткізеді. Әрине, түпкі мақсат – әлем чемпионатына шығу.

  • Екіншіден, ерлер құрамасын Ұлттар лигасы турнирі күтіп тұр. Меніңше, бұл біз үшін өте маңызды. Өз басым, біз Еуропа чемпионатына шығуды нақты мақсат етіп қойып, бұған қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек деп есептеймін».

Екінші бағыт, Бас хатшы атап өткендей – кәсіпқой лиганы дамыту. КФФ клубтардың коммерциялық орнықтылығын арттыру, олардың табысын көбейту және чемпионаттың сапасын көтеру бағытында жұмыс істеуге ниетті.

Маннның пікірінше, мықтырақ лига ойыншыларды дамытуға және ұлттық құраманы күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ телекөрсетілімдерге, футбол өнімін жылжытуға және төрелік ету сапасына ерекше көңіл бөлінеді.

Үшінші мақсатфутболмен айналысатын адамдар санын көбейту. Сөз тек ерлер мен әйелдер футболы туралы емес, сонымен бірге футзал мен жағажай футболы туралы да болып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,3–1,4 миллионға жуық адам футболмен айналысады және Федерация бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды көздейді.

BAQ.KZ

Кадрлар

Скотт Манн ҚФФ үшін қазақстандық мамандарды дамыту мен алға жылжыту негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бірдей жағдайда Федерация жергілікті кадрларға артықшылық береді.

«Менің негізгі ұстанымым – біз әрқашан ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алғымыз келеді. Мен осы жердегі ең үздік дәрігер кім, ең үздік спорттық физиотерапевт кім және дене даярлығы бойынша ең үздік бапкер кім екенін түсінгім келеді».

Бас хатшы шетелдік сарапшылардың тәжірибесі қазақстандық қызметкерлерді оқытуға және жұмыстың жалпы деңгейін арттыруға көмектесетін жағдайларда ғана шақырылуы мүмкін екенін жеткізді.

Сонымен бірге ол Қазақстанда мықты мамандарды қазірдің өзінде көп кездестіргенін баса айтты:

«Осы бағыттардың көбінде мен Федерация ішінде де, әкімшілік бөлікте де өте мықты мамандарды жолықтырдым. Мен демалыс күндерін өзіміздің серіктестік қатынастар жөніндегі командамызбен өткіздім. Тағы да біздің стратегиялық командамызбен жұмыс істедім. Олар өз деңгейлері жағынан әлемнің кез келген басқа елінің мамандарынан кем түспейді. Сондықтан біз оларға ары қарай дамуы үшін тиісті ресурстарды ұсынуымыз керек».

Ұлттық құраманың мақсаттары

Скотт Манн Қазақстан ұлттық құрамасының басты мақсаты – Еуропа чемпионатына шығу екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, дәл осы ірі халықаралық турнирлерге қатысу – табыстың басты көрсеткіші.

Сонымен бірге, жақын арадағы міндет – Ұлттар лигасында сәтті өнер көрсетіп, турнирді топтың үздік екі командасының қатарында аяқтау.

«Біздің мақсатымыз – Еуропа чемпионатында ойнау. Мен үшін алдымызда екі жылдық жол тұрғаны және оның нәтижесі ерлер құрамасының Еуропа чемпионатына қатысуы болуы тиіс екені өте айқын.

Төрағамыз екеуіміздің бұл мәселеде пікіріміз бір жерден шығатынын анық білемін. Біз ұлттық құраманы ең үлкен футбол аренасынан көргіміз келеді. Сондықтан бұл тұрғыда менің ұстанымым өте айқын. Бұл – ұзақ процесс екенін де түсінеміз.

Алдымызда құрамалардың жақында болатын халықаралық терезелері – қыркүйек, қазан және қараша айларында өтетін турнир бар. Біз оған толық дайын екенімізге көз жеткізуіміз керек. Осы турнирден сәтті өтіп, алғашқы екі орынның бірін иеленуге көмектесетін тиісті адамдардың жанымызда болуын қамтамасыз етуге тиіспіз».

Құраманың бас бапкерін іздеу туралы

Скотт Манн ҚФФ шетелдік те, қазақстандық та мамандарды қарастырып жатқанын хабарлады. Басты критерийлер – табысты тәжірибе, жеңіске жете білу және Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионатына алып шығу қабілеті болмақ.

«Шетелдік бапкерді іздеу бойынша менде бірнеше айқын критерий бар. Бұған дейін ешқашан шетелде жұмыс істеп көрмеген бапкерді шақырғым келмес еді. Меніңше, бұл – өзім бара қоймайтын тәуекел.

Маған бұған дейін табысқа жеткен және кубоктарды жеңіп алған бапкер керек сияқты. Мен мұндай нәрсенің Анге Постекоглу немесе Пеп Гвардиола сияқты адамдарда қалай жұмыс істейтінін көрдім. Бұл – үнемі жеңіске жететін бапкерлер. Олар табыстың қандай болатынын және оған жету үшін не қажет екенін біледі.

Сондықтан, егер сөз шетелдік бапкер туралы болса, біз бұған дейін де нәтиже көрсеткен адамды шақырғымыз келеді. Ал егер бұл жергілікті маман болса, онда ол, сірә, Қазақстан Премьер-лигасында жұмыс істеп жатқан және осы жердегі Премьер-лигада нәтижеге қол жеткізген адам болуы мүмкін».

Жастар құрамаларын дамыту

Скотт Манн ары қарай ілгерілеу үшін Қазақстанның жастар құрамаларына көбірек халықаралық матчтар өткізіп, мықты қарсыластармен жиі кездесу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ересектер ұлттық құрамаларының болашақ табыстарының негізі дәл осы U17 және U19 командалары арқылы қалыптасады.

«Біз дайындық жүйесінен өту барысында ойыншылар өскен сайын, ересектердің мықтырақ ерлер мен әйелдер ұлттық құрамаларына апаратын жол U17 және U19 мықты командалары арқылы өтетінін түсінеміз.

Сондықтан, біз үшін көбірек турнирге қатысуға ұмтылуды жалғастыру маңызды деп ойлаймын. Ойыншыларға халықаралық турнирлерде – ұлттық құрамалар деңгейінде де, клубтық деңгейде де өнер көрсетуге мүмкіндік беруді жалғастырамыз».

Талғардағы академия туралы

Скотт Манн Талғардағы футбол академиясының дамуы туралы айтып берді. Оның айтуынша, жаңа кешен Азиядағы ең үздіктердің біріне айналады және жыл бойы жас ойыншыларды дайындауға, сондай-ақ ұлттық командалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік береді.

«Ол арнайы футбол академиясы ретінде саланып жатыр: онда 150 бөлме, арнайы жабдықталған спорт залы және екі футбол алаңы болады.

Сондай-ақ онда ең үздік жас ойыншыларымыз үшін су процедураларына, ыстық және суық қалпына келтіруге арналған орындар, сондай-ақ ресторан болады – осының бәрі бір жерде орналасады.

Бұл – бұрын-соңды болмаған мүмкіндік және бұл болашаққа салынған инвестиция екеніне ешқандай күмән жоқ. Осы жобаны екі жыл бұрын жоспарлағандардың бәрі шын мәнінде мақтана алады. Өйткені құрылыс аяқталып, кешен жұмыс істей бастағанда, ол ең үздік объектілердің біріне айналады.

Осыдан кейін бізде қолданыстағы академияны реконструкциялап, оны ұлттық құрамалар үшін пайдалану мүмкіндігі пайда болады.

Осылайша, біз бірден екі нәрсеге қол жеткіземіз: елдегі футболды дамытатын академия және ұлттық құрамаларымыз үшін жаңа орталық. Ал біздің төрағамыздың пайымы – қыста да, жазда да жаттығу шарты болуы үшін, сондай-ақ тек ерлер мен әйелдер ұлттық құрамалары үшін емес, жастар құрамалары үшін де база болуы үшін онда жабық манеж салу».

Әйелдер футболын дамыту

Скотт Манн Қазақстанда әйелдер футболының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ҚФФ кәсіпқой лигаларға, ұлттық құрамаларға және бұқаралық футболға инвестиция салуды, сондай-ақ қыздарға тек ойыншы ретінде емес, бапкерлер мен төрешілер ретінде де көбірек мүмкіндіктер жасауды жалғастырады.

«Мен әйелдер футболында белгілі бір мақсатқа жетуге қарай жылжып келеміз дер едім. 

Меніңше, әйелдер құрамасымен бұл нәтижеге ерлер құрамасына қарағанда жылдамдау қол жеткізе алуымыз мүмкін. Біз мұны қазірдің өзінде көріп отырмыз. Қазір әйелдер құрамасы әлемдік рейтингтің тоғызыншы ондығында орналасқан деп ойлаймын. Ерлер құрамасы 100-орында.

Осылайша, біз бұл жерде әйелдер футболының прогресі ғаламат екенін көріп отырмыз. Жағдай елдердің көбінде осылай екенін көрдіңіздер деп ойлаймын. Бұған инвестиция салуды жалғастыруымыз керек. Алда Ирландияға қарсы маңызды матчтар бар.

Қолдау, инвестициялар мен оқыту болған кезде ұлттық құрама өте жылдам дами алатынына ешқандай күмән жоқ».

ҚФФ-ның клубтармен өзара әрекеттесуі

Скотт Манн клубтар Федерация үшін басты басымдық болып табылатынын айтты. Оның сөзінше, ҚФФ олармен ашық диалог орнатуға, олардың қажеттіліктерін ескеруге және инфрақұрылымды, коммерциялық қызметті дамытуға әрі жанкүйерлерді тартуға көмектесуге ниетті.

«Әртүрлі деңгейде кездескен барлық клубтың ішінде – мен иелерімен, бас директорлармен, техникалық директорлармен және коммерциялық директорлармен сөйлестім – бәрінің пайымы бірдей.

Бәрі де табысқа жеткісі келеді. Әрбір клуб бір нәрсені айтады: «Біз жақсырақ ойнағымыз келеді. Біз көбірек ақша тапқымыз келеді. Және біз жанкүйерлеріміздің көп болғанын қалаймыз».

Сондықтан біздің міндетіміз – оларға осыған қол жеткізуге көмектесу. Бізге даму керек, оларды тыңдап, бұл процесті алға жылжытуымыз қажет.

Бұған қоса, әр клубтың өз мәселелері бар. «Қайрат» кезігетін мәселелер иесі ауысқан клубтың немесе жеке стадионы жоқ клубтың, немесе еурокубоктарда өнер көрсетпей, лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатқан клубтың мәселелерінен өзгеше.

Сондықтан бізге бірден бірнеше бағытта дамуы қажет командаларға қолдау көрсетіп, олардың мықтырақ болуына көмектесу керек. Содан кейін мықты клубтар да өседі. Өйткені жалпы алғанда бәрі өседі: ойын сапасы, телевизиялық трансляциялардың сапасы және коммерциялық мүмкіндіктер».

Төрелік етуді дамыту

Скотт Манн ҚФФ-ның негізгі міндеті білікті арбитрлер санын көбейту деп есептейді. Оның айтуынша, Федерация төрешілерді даярлау бағдарламаларын кеңейтуге, VAR жүйесін дамытуға және бәсекелестікті арттыруға ниетті, бұл төрелік сапасының өсуіне әкелуі тиіс.

«Келесі қадам – жұмыс істеп жатқан төрешілердің біліктілігін арттыру және жүйені модернизациялау. Қазір біз ресми түрде көбірек VAR-төрешілерін сертификаттау үшін VAR оқыту бағдарламасын өткізіп жатырмыз.

Қазіргі уақытта бізде ресми түрде аккредиттелген 20-ға жуық VAR-төреші бар. Бізге бұдан әлдеқайда көп керек.

Сондықтан команда осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың соңына қарай біз таңдау жасауға болатын төрешілер саны айтарлықтай көп жағдайға жетуіміз керек.

Бұл өте маңызды. Маңызды болатын себебі – бұл төрешілер арасында бәсекелестік тудырады, ал бәсекелестік төрешілерді мықтырақ етеді».

Сұхбат жүргізген: Зарина КОЗОВА

Наверх