ҚДБ басшысының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

25 Қаңтар 2022, 16:53
1207
Бөлісу:
ҚДБ басшысының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жалғыз акционердің («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) 24.01.2022 жылғы шешімімен Абай Сарқұловтың «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады. 

 25.01.2022 жылдан бастап ҚДБ басшысының міндетін атқарушы болып бұған дейін банк басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сандуғаш Кенжебаева тағайындалды.

Абай Сарқұлов 1981 жылы 13 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2003 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетін «Банк ісі» мамандығы бойынша үздік бітірген.

Абай Сарқұлов Банктегі өзінің еңбек қызметін 2007 жылғы наурызда Инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу басқармасының менеджерінен бастап Басқарма төрағасының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 2017 жылғы ақпан-2019 жылғы сәуір аралығында Абай Сарқұлов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ атқарушы органын басқарды. Абай Сарқұлов 2019 жылғы сәуірде ҚДБ басқармасының төрағасы ретінде тағайындалып, бұл лауазымда ол Болат Жәмішевтің орнын ауыстырды.

Даму банкінің ұжымы Абай Сарқұловқа тиімді жұмысы үшін алғыс білдіреді және алдағы кәсіби қызметіне толайым табыс тілейді, - делінген хабарламада.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) - 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына жәрдемдесу және сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту. ҚДБ индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының аса ірі инвестициялық операторларының бірі және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.

Өзгелердің жаңалығы