ҚазҰУ ғалымдары өнертабыс пен модельге 400 патент пен авторлық куәлік алды

23 Ақпан 2023, 20:00
969
Бөлісу:
ҚазҰУ ғалымдары өнертабыс пен модельге 400 патент пен авторлық куәлік алды
Фото: Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораториялары жетістіктерін таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Журналистермен жүздесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев атқарылған істер мен айшықты жобалар жайлы айтып берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – QS WUR халықаралық рейтингінде 150 үздік ЖОО қатарына енген елдегі және Орталық Азия өңіріндегі жалғыз ірі ғылыми-білім беру орталығы. ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздің жетекші жоғары оқу орнына 2022 жылғы 25 шілдеде зерттеу университеті мәртебесі берілді. ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы әзірленді. 2022 жылы Ыстамбұл және Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалы ашылып, Алматыда ҚазҰУ базасында МИФИ филиалы құрылды, – деп атап өтті ректор.

Сонымен қатар университетте 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі, 97 өндірістік филиалдан тұратын бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптасты. Жыл сайын конкурстық негізде университет ғалымдары іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша 400-ден астам ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ жалпы көлемі 8,1 миллиард теңге нысаналы қаржыландыру бағдарламаларын іске асырады.

Ғылыми институттармен және ұйымдармен интеграция күшейтілді, 21 білім беру бағдарламасы енгізілді, 396 магистр мен PhD докторы оқытуды аяқтады. Өнертабыс пен модельге 400 патент пен авторлық куәлік алынды. Қазақстандық ғалымдардың Scopus-та мақалалар саны артты. Оның 58%-ын жыл сайын ҚазҰУ қызметкерлері жариялайды.

2014 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ларды интеграциялау бағдарламасы шеңберінде «Ғылым Ордасының» 10 ҒЗИ-мен бірлескен қызметті қарқынды іске асыруда. 2022 жылы ҚазҰУ аталған бағдарлама шеңберін ұлғайтып, «Ғылым Ордасы» ҒЗИ-ларымен тағы 9 шартқа қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы