Қазір мұғалім мамандығын таңдау қорқынышты емес - педагог

3 Ақпан 2023, 10:29
2552
Бөлісу:
Қазір мұғалім мамандығын таңдау қорқынышты емес - педагог

2020 жылға дейін Қазақстанда ұстаз мамандығының келешегі жоқ сияқты көрінген. Білім саласына жұмысқа барғандар аз болды, өйткені қажетсіз, үнемі жаңармайтын есептері бар мұғалімдердің жүктемесі диплом алған жас мамандарды шошытатын да тұратын. Бұл пікірді жамбылдық педагогтар BAQ.KZ тілшісіне айтты. 

 

Оның үстіне, мамандар жалақының аздығынан мектеп пен балабақшаға бара бермейтін, өзге салаға кетіп қалған кадрлар қаншама. Алайда, 2020 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң бәрін өзгертті.

Осы қадамның арқасында мұғалімдерге түсетін жүктемені азайтуға, оларды әдеттен тыс функциялардан және шамадан тыс есеп беруден қорғауға мүмкіндік туды. Мектеп құжаттарының саны да азайды. Қазір тек сабақ жоспары мен оқушылардың үлгерімі туралы электронды журнал қажет. 

Маңызды өзгерістердің тағы бірі – мектеп мұғалімінің жүктемесінің 18-ден 16 сағатқа дейін қысқаруы болды. Осылайша, оның тек кәсіби міндеттерімен айналысуына, атап айтқанда, балаларға сапалы білім беруіне жағдай жасауға мүмкін туды.

Мұғалімдердің жалақысын көтеру ерекше назар аударды қажет еткен. Ол да шешімін тапты. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақы санаты мен жұмыс өтіліне қарамастан тағы да 25 пайызға өсті. Сонымен қатар, қосымша ынталандыру – дәптер тексеру, магистр дәрежесін алу, пәндерді ағылшын тілінде оқыту және тәлімгерлік бойынша жәрдемақыны арттыру шаралары қабылданды.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 445 орта мектеп бар, онда 247 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оларға 26 мыңнан астам мұғалім сабақ береді. 2022 жылы олардың еңбегіне ақы төлеуге 59,6 миллиард теңге бөлінсе, 2023 жылы бұл мақсатқа 88,9 миллиард теңге қарастырылған. 

Өңірдегі әкімдіктің білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп және колледж мұғалімдерінің жалақысы 25 пайызға артқанын айрықша атап өтті. 

«2020 жылдан бастап облыстың мектепке дейінгі мекемелерінің, орта кәсіптік білім беру ұйымдарының 40 мыңнан астам педагогтарының еңбекақысы жыл сайын көтеріліп келеді. Осылайша, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, сонымен қатар, жалақыны өсіру өз нәтижесін беріп жатыр деуге әбден негіз бар. Мектеп түлектерінің педагогикалық мамандықтарға қызығушылығы арта түсті. Олардың арасында мектепті үздік бітіргендер де, «Алтын белгі» иегерлері де бар», - деді Мұхит Нысанбаев.

Тағы бір айта кетерлігі, мамандықтың мәртебесін көтеру және жоғары жетістіктері бар шығармашыл ұстаздарды анықтау мақсатында 2020 жылдан бастап аймақта «Үздік педагог» облыстық байқауы ұйымдастырылп келеді. Оның жеңімпаздары ақшалай сыйақы алады, бұл еңбекке қосымша ынталандыру болатыны сөзсіз.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның арқасында бала тәрбиесімен айналысамын дегендердің қатары көбейді. Бұл әріптестерімнің сапасының артуына да септесті. Демек, ұстаз мамандығын таңдағандарға талап та күшейді. Бұл білімнің де сапасын жақсартатыны анық. Мұны жыл сайынғы жетістіктерімізден де аңғарамыз», - дейді Тараз қаласындағы No32 орта мектептің директоры Күлшат Қожатаева.

Ұстаздық мамандықты таңдайтын жастар көбейіп келеді. Бұрын мектепте әйелдер басым болатын. Енді ерлер көбейе бастаған. 

«Сондай-ақ соңғы кездері мектеп түлектерінің педагогикалық мамандықтарды таңдауы жиілеген. Бұған мемлекеттің жалақыны көтеру түріндегі қолдауы ықпал етіп отыр. Қосымша жәрдемақылар тағы бар. Еңбек өтілі мен санатына қарамастан, барлық мұғалімдердің жалақысы өсті. Мектебімізде 966 балаға білім беретін 118 мұғалім жұмыс істейді. Қай-қайсы да өз ісінің маманы», - деді директор.

Сонымен қатар, педагог беделінің көтерілуіне белгілі бір дәрежеде «кәсіби мұғалім» деген жаңа лауазымның пайда болуы әсер етеді. Бұл маман болашақ ұстаздарды анықтауға көмектесумен айналысады.

«№32 мектепке жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын. Іріктеу конкурстық негізде өтті. Менің жұмысым – балалардың болашақ мамандығын таңдауына көмектесу», – дейді мұғалім Ақерке Ғазизқызы. 

Оның айтуына қарағанда, жалпы ұстаздар қауымы қандай құрметке де лайық. Өйткені, олар мектеп оқушыларына еліміздің болашағы саналатын балаларға білім береді, тәрбиемен қамтиды.

Айта кетерлігі, мұғалімдердің жалақысы бұрынғыдай оқытушылық жүктемеге, біліктілігіне, жұмыс тәжірибесіне, сондай-ақ сыныпты басқаруға байланысты есептеледі. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін де ай сайынғы қосымша ақы қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы