«ҚазАвтоЖол» қазақстандық банктермен $700 млн-ға дейінгі несие келісіміне қол қойды

«ҚазАвтоЖол» қазақстандық банктермен $700 млн-ға дейінгі несие келісіміне қол қойды

28 Қазан 2026, 09:53
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 28 Қазан 2026, 09:53
28 Қазан 2026, 09:53
172
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жол саласын қаржыландыру және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға екінші деңгейдегі банктерді тарту мәселесі туралы дөңгелек үстелде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Halyk Bank, ЦентрКредит Банкі және Еуразиялық банк құрамындағы қазақстандық банктер синдикаты арасында кредиттік келісімге қол қойылды.

Келісім Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) алдындағы «ҚазАвтоЖол»-дың қазіргі қарызын қайта қаржыландыру үшін $700 млн-ға дейінгі сомаға қаржыландыру беруді көздейді.

Бұған дейін ұлттық оператор республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жобаларын іске асыру үшін ҚДБ қаражатын тартқан болатын. Жаңа келісімге сәйкес қаржыландыру 2034 жылға дейін беріледі. Синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастырушы және агент-банк Halyk Bank болып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, қол жеткізілген уағдаластықтар кредиттік жүктемені қаржы институттары арасында қайта бөлуге және жаңа басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін ҚДБ кредиттік лимитінің бір бөлігін босатуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктердің неғұрлым белсенді қатысуы және ірі жобаларды іске асыруға жеке капиталды тарту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бүгін біз осындай өзара әрекеттестіктің нақты мысалын көріп отырмыз. Бұл жерде сөз жол құрылысына жаңа қарыз алу туралы емес, коммерциялық банктердің қаражаты есебінен ҚДБ алдындағы қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру туралы болып отырғаны аса маңызды. Бұл банк секторының инфрақұрылымды қаржыландыруға қатысуын арттырып қана қоймай, даму институтының ресурстарын жаңа жобаларды іске асыруға бағыттауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті вице-премьер.

Екінші деңгейдегі банктерді жол инфрақұрылымын дамытуға тарту ішкі инвестициялық ресурстарды қосымша жұмылдыруға және ірі ұлттық жобалардың мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай тетік коммерциялық банктердің, бюджет шығыстарын жұмсамай-ақ, экономиканы дамытуға анағұрлым белсенді қатысуына жағдай жасайды.

Наверх