Кітап оқи ма, әлде әлеуметтік желі қарай ма? Қазақстан оқушыларды кітап оқуға қалай баулып жатыр?

27 Қазан 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 27 Қазан 2026, 07:30
27 Қазан 2026, 07:30
176
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда 681 мыңнан астам адам «Оқитын мектеп» жобасына қосылған. Ал мектеп кітапханаларының қоры жаңа кітаптармен толығып жатыр. Балалардың кітап оқуға қызығушылығы қандай және мемлекет оларды әдебиетке баулу үшін не істеп жатыр? Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қанша оқушы кітап оқиды?

Қазақстанда 2023 жылдан бері балалардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталған «Балалар кітапханасы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар оқушыларды, студенттерді, педагогтер мен ата-аналарды біріктіретін «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске асырылып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің BAQ.KZ редакциясына берген мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 12 қазандағы жағдай бойынша жобаға еліміздің барлық 20 өңірінен 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркелген.

«Оның ішінде 681 441 қатысушы «Оқитын мектеп» бағыты бойынша тіркелген. Жобаның барлық бағыты бойынша оқылған және жобада көзделген растау рәсімінен өткен 120 789 кітап тіркелді», – деп хабарлады ведомство.

Балалар оқығанын қаншалықты түсінеді?

Мәселе оқылған кітаптың санында ғана емес, оқушылардың мәтін мазмұнын қаншалықты түсінетінінде де болып отыр.

Министрліктің жауабында PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелері келтірілген. Оған Қазақстандағы 643 білім беру ұйымынан 15 жастағы 22 680 оқушы қатысқан.

Ведомство дерегінше, оқу сауаттылығы бойынша орташа көрсеткіш 385 балды құраған.

«Жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер PISA-2022 деңгейінде сақталды», – деп атап өтті министрлік.

Сонымен қатар зерттеу білім беру жүйесінде әлі де жұмыс істеуді қажет ететін бағыттарды анықтаған.

«Зерттеу алдағы жұмыстың бағыттарын да айқындады. Олар – өңірлер мен мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту, білім алушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту, оқыту сапасын арттыру», – делінген жауапта.

Ведомство зерттеу нәтижелерін жан-жақты талдау негізінде өңірлердегі білім беру көрсеткіштерін жақсартуға арналған ұсынымдар әзірленетінін хабарлады.

Оқушыларға қандай кітаптар ұсынылады?

«Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында әр жастағы балаларға оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі жасалған.

Оған қазақ және шетел классиктерінің шығармалары, қазіргі отандық авторлардың туындылары, сондай-ақ көркем-танымдық кітаптар енген.

Бастапқыда электрондық каталогта 1 770 шығарма болған. 2025 жылғы қаңтарда тізім тағы 810 атаумен толықтырылған.

«Қазіргі уақытта edu.bookfund.gov.kz цифрлық платформасында 2 580 кітаптың электрондық нұсқасы орналастырылған», – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Бұдан бөлек, ел тарихына, ұлттық мәдениетке және Қазақстанның көрнекті тұлғаларына арналған «Тұлғатану» бағыты бойынша қосымша әдебиеттер тізімі жасалып жатыр.

Мектеп кітапханалары қалай өзгеріп жатыр?

Бүгінде мектеп кітапханалары біртіндеп кітап беретін орын ғана емес, өз бетінше жұмыс істеуге, қарым-қатынас жасауға және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған кеңістікке айналып келеді.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, білім беру ұйымдарының жалпы кітапхана қоры 142 миллион дананы құрайды. Оның 29,4 миллионнан астамы – көркем әдебиет, 55,8 миллионнан астамы – оқулықтар.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің мектептері мен колледждерінде кітап оқуға, өз бетінше жұмыс істеуге, қарым-қатынас жасауға және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған 1 956 коворкинг орталығы жұмыс істейді», – делінген министрліктің жауабында.

Әлеуметтік желі дәуірінде балаларды кітап оқуға қалай қызықтыруға болады?

Әлеуметтік желілер мен қысқа видеолар кең тараған тұста мектептер балаларды кітапқа қызықтырудың жаңа тәсілдерін іздеп жатыр.

«Оқитын мектеп» жобасында шығармаларды өз бетінше оқумен қатар, оқығанын түсіну деңгейін тексеру, зияткерлік сайыстар мен республикалық финал өткізу қарастырылған.

Сондай-ақ 2026 жылғы ақпанда оқушылардың оқу сауаттылығын бақылауға арналған Oqyrman.kz ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыру жұмысы жалғасады.

«2030 жылға дейін мектеп кітапханаларын толық цифрландыру, барлық мектепке автоматтандырылған кітапхана жүйелерін енгізу, Ұлттық электрондық балалар кітапханасын дамыту, кітапханашылардың біліктілігін арттыру және кітапхана қызметіне жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу көзделген», – деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін миллионнан астам қазақстандықты кітап оқуға тарту жоспарланғаны белгілі болған.

Наверх