Циндаодағы «Қытай-ШЫҰ пилоттық аймағының інжу-маржаны» халықаралық ЭКСПО орталығында Қазақстан павильоны жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Циндао қаласындағы «Қытай-ШЫҰ пилоттық аймағының інжу-маржаны» халықаралық ЭКСПО орталығы Қытай-ШЫҰ пилоттық аймағының орталық аймағында орналасқан.
Орталық 2022 жылдың қарашасында пайдалануға берілген.
Қазіргі күні ЭКСПО-да 20-ға жуық мемлекеттің павильоны жұмыс істеп тұр.
Оның қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Әзербайжан, Қырғызстан, Иран, Ресей және басқа да елдердің павильондарын табуға болады.
Көрмеге қатысушы елдер павильонда өз өнімдерін сатылымға ұсынған.
Еліміздің павильонына кіреберісте Қазақстан жайлы негізгі ақпарат ұсынылған.
Павильон қабырғасына ілінген ақпаратта халқымыздың өнерлі ұлт екені айтылған. Сонымен қатар павильонға келушілер халқымыздың ұлттық музыкалық аспаптарының тарихымен де таныса алады.
Қонақтар Қазақстан павильонынан қазақтың балы мен шайын, түйе сүті, кесе, шайнек, домбыра және басқа да өнімдерді сатып алуына мүмкіндік бар.
Ресейлік сауда компаниясының өкілі Ольга Папушева орталықтың ерекшелігі туралы айтып берді.
Орталық былтыр іске қосылды. Оның негізгі ерекшелігі - ШЫҰ-ы елдерінің павильоны ашылуында. ЭКСПО-дағы 20 павильоннан елдердің мәдениетімен танысып қана қоймай, өнімдерін де тауарларын сатып алуға болады. Сол себепті дәл осы жер ШЫҰ елдеріне тауар сатуға және оны сатып алуға берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын, - деді ол.
Айтуынша, ЭКСПО-ға қатысушыларға көп жеңілдіктер қарастырылған. Дәлірек, бизнесті дамыту үшін мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіледі.
Мысалы, егер сіз тауарыңызды қойғыңыз келсе, онда жалға алу тегін беріледі. Сонымен қатар тауардың жарнамасына қолдау көрсетіледі, - деп толықтырды Ольга Папушева сөзін.
Циндао халықаралық Қытай-ШЫҰ пилоттық аймағы Pearl Expo орталығы конференциялар мен көрмелер, тур мен туризм, өнім жәрмеңкелері, мәдени алмасулар және коммерциялық қызметтер сияқты функцияларды біріктіретін жан-жақты жаңа мәдени тәжірибе кеңістігі мақсатында құрылған.
Ол Қытай-ШЫҰ пилоттық аймағында «Ұлттық қонақ бөлмесі» ретінде белгілі. Халықаралық ЭКСПО орталығы «ШЫҰ элементтерін» толығымен біріктіреді.
Ғимарат толқынды ақ төбемен біріктіріліп, «теңіз», «гүл», «інжу-маржан» және «қабық» сияқты пішінде салынған.
Орталық павильондарының өзіндік ерекшеліктері бар. ШЫҰ элементтерінің мәдени-көрме аймағы ШЫҰ елдерінің ұлттық көрме павильондарын салу үшін пайдаланылады. Кешенді павильон жоғары деңгейдегі салалық көрмелерді, ауқымды іскерлік келіссөздерді және басқа да коммерциялық қызмет көрсету шараларын өткізе алады, көп функционалды павильон арнайы өнер және мәдени іс-шараларды және ШЫҰ арнайы көрмелерін, сондай-ақ ашық аспан астындағы декорациялары бар ауқымды жарық шоуларын ұсына алады.
Сонымен қатар орталық алаңда мәдени-көркемөнер қойылымдары, фестивальдар, мерекелер және басқа да бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.
Айта кетсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы соңғы дерек бойынша 28,22 млрд долларға жетіп, 23,1 пайызға өсті.