Қазақтілділер неге өз құқығын қорғай алмайды?

14 Желтоқсан 2021, 14:40
2130
Бөлісу:
Қазақтілділер неге өз құқығын қорғай алмайды?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі қазақтілді жұртшылықтың өз құқығын білмеуі тереңде жатыр. Бізде мектепте Құқық пәнінен сабақ беретіндердің барлығы тарихшылар, олар бұл сабақты үстіртін өтеді. 

Бұл туралы Халықаралық құқық магистрі, құқықтанушы Әйгерім Құсайынқызы MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған конференцияда айтты.

Құқықтанушы қазір Сүлеймен Демирел атындағы университетте құқықтану пәнінен сабақ беретінін айта келе, өз тәжірибесімен бөлісті.

Қазақтілділер өз құқығын біле бермейді деген сын көп айтылады. Бұл тақырыпты зерттей келе мәселе тереңде жатқанын ұқтым. Еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің 65%-ы қазақ тобында оқиды. Бірінші курсқа келген, яғни сайлауға қатысуға жасы жеткен 18 жастағы жастар Конституцияны, оның ішінде адам құқығы жайлы қарапайым нәрселерді білмей тұрады. Бұл пән мектепте оқытылады, сондықтан олар құқығы жайлы біліп келуі керек еді. Бірақ бізде мектепте бұл сабақ үстіртін оқытылады, өйткені адам, құқық және қоғам жайлы негізінен тарихшылар оқытып жатыр, - дейді ол.

Сонымен қатар ол елімізде педагогтарды көп дайындағанымен, құқықтан сабақ беретін заңгер мұғалімдер жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, бізде тарихшылар құқық, Конституцияны өздері үстіртін біледі немесе түсіндіру әдістемелігі болмағандықтан өз деңгейінде оқытып жатқан жоқ.

Құқығын, Конституцины білмегендіктен мемлекетке деген сенімсіздіктер шығып жатыр. Азаматтар өзінің қандай құқығы бар екенін бала кезден білу керек, ол үшін құқық пәнін 9-сыныптан емес, 5-сыныптан бастап оқыту қажет. Қазір балаға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр, мұның барлығы баланың өз құқығын білмеуінен. Адамның өз қадір-қасиетінінің, өз жеке шекарасы барын және оны өзгелерден талап етуді білмеуінен деп ойлаймын, - дейді құқықтанушы.

Сонымен қатар ол қазақ тілінде құқықтануға қатысты оқулықтар әлі де жетіспейтінін жеткізді.

Соңғы бес жылда елімізде адам құқығы тақырыбында жазылған академиялық-ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Конститутциядағы 98-бапты қарапайым адам түсінбейді. Құранның әр аятын тәпсірлегендей, Конституцияның әр бабына түсіндірме қажет. Сондықтан алдағы уақытта заңгер-педагог, заңгер-аудармашылар дайындалуы керек. Сол кезде өз құқығын білетін қазақтілді азаматтар көбейеді деп ойлаймын, - деді Әйгерім Құсайынқызы.

Өзгелердің жаңалығы