Қазақстан экономикасы бұрынғыдай тек шикізат өндіруге емес, оны өңдеп, дайын өнім шығаруға басымдық беріп жатыр. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бүгінде Қазақстанның негізгі мақсаты – шикізат экспорттаушы елден өндірістік экономикаға көшу.
Ауыл шаруашылығы: шикізат емес, өңделген өнім
Аграрлық секторда өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріліп жатыр.
Павлодар облысында құны 2 млрд теңге болатын майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 60 мың тонна шикізат өңдеп, 35 мың тоннаға дейін тазартылмаған күнбағыс майын өндіре алады.
Солтүстік Қазақстан облысында қытайлық компания 53 млрд теңгеге май өңдеу зауытын салмақ. Жоба 2028 жылы іске қосылып, 150 жаңа жұмыс орнын ашады
Ал Түркістан облысында агродрон өндірісі жолға қойылған. Кәсіпорын жылына 500 дрон шығарып, ауыл шаруашылығын цифрландыруға үлес қоспақ.
Фармацевтика: қазақ дәрісін шығару кезеңі
Сарапшы дәрі-дәрмек өндірісінде де ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатқанын жазады..
Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық кешен салынбақ. Онда 74 түрлі препарат өндірілмек,- дейді Олжай.
Ал Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салынады. Жоба құны – 32,5 млрд теңге.
Фармацевтика – ең жоғары қосылған құны бар салалардың бірі. Егер Қазақстан күрделі дәрі-дәрмектерді өзі өндіре бастаса, бұл импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады,- дейді ол.
Жасыл энергетика: күн, су және желдің дәуірі
Энергетика саласында да жаңа жобалар іске асырылып жатыр.
Жетісу облысында қуаты 30 МВт болатын Покатилов су электр станциясының құрылысы жоспарланған. Оның аясында 80 млн текше метрлік су қоймасы салынып, 32 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік беріледі.
Ал Түркістан облысында құны 307 млн доллар болатын күн электр станциясы бой көтеруде. Жоба іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 674 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді деп күтіледі.
Металлургия: терең өңдеу кезеңі
Қазақстан металлургия саласында да жаңа бағытқа көшіп жатыр. Ендігі мақсат – тек кен өндіру емес, дайын өнім шығару.
Павлодар облысында сингапурлық XINFA компаниясы алюминий кластерін құруға 15 млрд доллар инвестиция салмақ. Кәсіпорын терең өңделген алюминий өнімдерін шығаруға бағытталған.
Ақтөбеде қытайлық және қазақстандық инвесторлар бірлесіп жасыл мыс зауытын салмақ. Мұнда мыс сынықтары қайта өңделіп, жылына 25 мың тонна тазартылған мыс өндіріледі.
Туризм мен логистика: жаңа мүмкіндіктер
Алматы маңында халықаралық деңгейдегі Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты салынып жатыр. Жобаға Франция, Канада және АҚШ компаниялары қатысуда.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай инфрақұрылымдық жобалар тек туристерді тартумен шектелмейді. Қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көрсету салаларының дамуына да серпін береді.
Сонымен қатар Қазақстан үшін Каспий теңізінде жұмыс істейтін алғашқы контейнеровоздардың құрылысы басталды. Бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба саналады.
Бұл жобалардың ортақ мақсаты – өңірлерді дамыту. Жаңа өндірістер пайда болған сайын жұмыс орындары ашылады, жергілікті бюджеттердің кірісі көбейеді. Ең бастысы – экономика бір ғана мұнай мен металға тәуелді болмайды,- дейді ол.
Соңғы жылдары іске қосылған және жоспарланған жобалар Қазақстан экономикасының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Ауыл шаруашылығындағы өңдеу кәсіпорындары, фармацевтика өндірісі, жасыл энергетика, металлургиядағы терең өңдеу жобалары мен көлік инфрақұрылымының дамуы ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған.
Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, бұл бастамалар толық жүзеге асса,Қазақстан экономикасының құрылымы өзгереді және аймақтар күшті бола бастайды. Жаңа өндірістер мыңдаған жұмыс