Елімізде «Үздік педагог» республикалық байқауы аяқталуға жақын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттық педагогикалық қызметтегі ұстаздаздар қатысты.
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз «Үздік педагог» сертификатын, «Үздік педагог» төсбелгісін және 1 000 АЕК – 3 450 000 теңге ақшалай сыйлықты иеленеді.
Байқау аудандық, облыстық, республикалық болып үш кезең бойынша өтті. Үміткердің педагогикалық қызметтегі жоғары жетістіктері мен конкурсқа қатысу кезеңінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық тәжірибесі болуы шарт, - делінген мәліметте.
Ведомстводағылар байқаудың бірінші кезеңіне қатысу үшін 961 өтініш келіп түскенін, оның ішінде 461 педагог облыстық кезеңге өткенін алға тартты. Ал байқаудың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздар үшінші кезеңге өтті. Республикалық байқаудың ақтық кезеңі биылғы қараша айында өтеді.