Қазақстанның туы қандай болуы мүмкін еді? - Геральдист-сарапшымен сұхбат

4 Маусым 2024, 14:49
7830
Бөлісу:
Қазақстанның туы қандай болуы мүмкін еді? -  Геральдист-сарапшымен сұхбат
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Көк туымыз шетте жүрген бүкіл қазақты бірлікке шақырды. Геральдист-сарапшы, жазушы Асылбек Байжұмаұлы Қазақстанның көк туына қатысты тың мәліметтерді айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 - Қазақстанның туы қандай болуы мүмкін еді? Мемлекеттік рәміз бекітілер кезде тағы қандай тулардың үлгісі ұсынылды? Қай елдердікіне ұқсас болуы мүмкін еді?

- 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік рәміздері Ту мен Елтаңбаға байқау жарияланды. Байқауға қатысқан 600-ден астам туындының ішінен Шәкен Ниязбеков ағамыздың туы жеңіп шықты. Сол кезде тәуелсіздік алған посткеңестік мемлекеттердің барлығы өз тулары мен Елтаңбаларын әзірлеуге кіріскен еді. Шәкен ағамыздың айтуынша, "Бірлік пен берекенің белгісі шаңырақты қырғыздар, сегізбұрышты әзербайжандар алып қойды. Сондықтан да оны қайталамайын деп қыран құсты қондырдым" деді. Әлемде асқар шыңнан қыран құсты қолына қондырып, бағындырып алған жалғыз халық - қазақ халқы. Әрине, қарсылықтар көп болды. Бұра тартушыларда болды. Ай мен жасыл түсті діни бағытты білдіретін түсті таңдағандар да болды. Тіпті күннің астында қыран қалай ұшады? Десіп кекегендер де болды. Дегенмен философиялық мағынасы зор көк түстің таңдалуы да тегін емес. Қазақ атам заманнан Көк тәңірі қолдасын, аспанымыз ашық болсын деп келген халық. Орта Азиядағы елдерге тән бұл қасиет қазақтың да бойында бар. Сондықтан да көк түстің таңдалуы қазақтың ұғым, наным, сеніміне сай келеді. Ал шынтуайтына келгенде Шәкен Ниязбеков ағамыз қатыспағанда, Қазақстанның туы қазіргі түркітілдес елдер Түркия, Әзербайжан, Қырғыз елдерінің туларына ұқсас болуы мүмкін еді.

Жалпы Шәкен ағамыз тудың ғана авторы емес Кеңес елінде шығарылатын «Волга» автокөлігі конструкторлары авторларының бірі болғанын көбі біле бермейді. Ол ағамыздың жасаған компьютері 1982 жылы Жапонияның көрмесінде көрсетілгенін де жастар білмесі анық. Сондықтан да ұлттық тәрбиемен өскен, қазақи болмысы қалыптасқан Шәкендей ағаларымыздан басқалар дәл бүгінгідей керемет туды ойлап таба алмасы анық.

 - Жалпы, туды жасайтын адам кім болуға тиіс және оны мемлекеттік етіп қалай бекітіледі? 

- Ту жасаймын деген адам қазақ болуы керек. Өзге ұлттың адамы қазақтың философиясын, психологиясын түсіне алмайды. Ата мен әженің тәрбиесімен өсіп, қазақ классиктерінің туындыларымен сусындаған, қазақи тәрбие көрген, ата-салтын, ана тілін, ата тарихын білетін, рухы да болмысы да қазақ, білімді адам ғана ту жасай алады. Тудың әрбір сызығында тарих болуы керек. Бұл терең білімді, тәжірибені қажет ететін сала. Мемлекеттік рәміздерді қабылдау комиссиясы Президенттің өкімімен құрылады. Оған қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысады. Кейіннен комиссия іріктеуінен өткен туынды Мәжіліс пен Сенаттың біріккен отырысында бекітіледі.

 - Өзіңіз және жақындарыңыз Қазақстанның туын алғашқы рет көрсеткен кезде қалай қабыл алдыңыз?

- Ең алғаш Қазақстан туралы 12 жасымда естідім. Ұлан-батыр қаласындағы моңғол мектебінде оқып жүргенімде география пәнінің мұғалімі Қазақ ССР туралы көп айтты. Әрине, моңғолша. Себебі сыныптағы 45 баланың ішінде жалғыз қазақ едім. Менің бойымды ерекше қуаныш пен мақтаныш кернеді. Өкінішке қарай, қазақша білмейтін едім. Жанталасып қазақша үйрене бастадым. Алғашқы ұстазым Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұлов туралы жазған "Тамұқ" романы болды. Осы кітапты оқып боған соң "Менің Отаным" деген шимай-шатпақ өлең жазғаным есімде. Үнемі қолына ту ұстаған, атқа мінген батырды сала беретінмін. Менің көз алдымда қазақ деген халық осылай көрінетін. 1990 жылы Ұлан батырда халықаралық пионерлердің өнер байқауында үкілі бөрік киіп, қолыма домбыра ұстап шығып халық әні "Бір баланы" орындап, маршал Цеденбалдың жұбайы Филатованың қолынан "Алтын медаль" алдым. Міне осы сәттен бастап мен өзімнің нағыз қазақ екенімді сезіндім. "Қазақстан тарихы", "Қазақ әдебиеті" менің түнде де, күндіз де қолымнан түспейтін кітабым болды. Қазақстанға көшіп келгенде Қостанайдың Ленин ауданы, Новопокровка совхозында қазақ мектебі болмай орыс мектебінде оқып кеттік. Кейіннен Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектеп интернатында оқыған кезімде менің тарих, әдебиет саласындағы біліміме мұғалімдер жоғары баға беріп жүрді. Бұл тек менің ғана басымнан емес, шеттегі атажұртын аңсаған миллион қазақтың басынан өткен оқиға. Елдің қадірін алыста жүрген адам ғана біледі. Шетелде жүргенде көк туды көргенде еріксіз көзге жас келіп, отаныңды сағынасын. Көк туымыз 1991 жылдан бері миллиондаған қазақты шақырған ту. "Отанға қайтыңдар" деп ұрандаған қазақтың қасиетті көк туы барша қазақты бірлікке шақыратын ту ретінде насихатталуға тиіс.

 - Әлемде елдердің туына қандай да рейтинг жасала ма? Қазақстанның туының орны қандай?

- Ту туралы әлемдік рейтинг жүргізілмейді. Бірақ қазақтың туы басқа елдердікінен ерекше екені сөзсіз. Геральдикалық барлық белгілердің үйлесімділігін тапқан тудың көк түсті болуы, ал азаттық пен батырлықтың символы қыран құстың бейнеленуі - қазақтың арғы бергі тарихында батыр халық болғанын айқындап тұр. Қыран құс ең көп өмір сүретін құс. Аспанның патшасы қыран құстың бейнесі мен ашық аспандағы арайлап атқан алтын түсті арайлы күніміз екеуі де үйлесімділігін тапқан. Ашық аспанда, күніміз жарқырап, қыран құстай самғай берейік деген халық ішіндегі бірауыз сөздің өзі туға толық сипаттама беріп тұр деп ойлаймын.

 - Бұрын туды қандай мақсаттарда қолданған? Ал, қазір дұрыс қолданып, насихаттап жүрміз бе?

- Жалпы ту дегеніміз жаугершілік заманда әр топтың жан алысып, жан берісіп жатқан кезде бірін-бірі қырып тастамай, ажырата білуі үшін ойлап табылған. Тіпті қайғылы кезде, ауру тараса қара туды, жеңіліп жауға берілетін кезде ақ туды қолданатын болған. Алыстан келе жатқан қонақ ауылдың тұсында ілінген қара туды көрсе, бармай өтіп кетеді. Себебі ауыл адамдары біздің ауылда жұқпалы ауру тарап жатыр, келмеңіздер, сақ болыңыздар деген белгі ретінде пайдаланған. Кейіннен ту хандар мен бектердің әскери белгісі ретінде, рулардың эмблемасы ретінде қолданыла бастады. Ал енді Мемлекеттік рәміздерімізге келер болсақ, біз туды әлі күнге дейін дұрыс қолдана алмай жүрміз. Себебі мемлекеттік деңгейде үгіт-насихат жұмыстары жеткіліксіз жүргізіледі. Әлі күнге дейін әнұранымызды айта алмайтындар немесе айтқысы келмейтіндер көп. Миллиардаған халқы бар Қытай елінде қызыл туларын ерекше қастерлейді. Тіпті әр адам мемлекеттік әнұранды жатқа білуі керек. Түркияда мемлекеттік туды барша халыққа қолдануға рұқсат етілген. Асханада, машина жөндеу станцияларында, пойыздарда, автокөліктерде барлық жерде ілулі тұрады. Ал бізде керісінше туды қорлап, мазақ ету оқиғалары өткен жылдары бірнеше рет кездесті. Нәтижесінде заңды күшейтіп, айыппұлдың көлемін ұлғайтты. Дегенмен тудың қолдану аясын кеңейту керек. 2022 жылы геральдика саласының жұмысы бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Санкт-Петербургте болдым. Ресейде Президент жанында "Гералдьдикалық кеңес" бар. Бұл кеңес елдегі 3 млн-ға жуық гербтерді талқылап рұқсат берумен айналысады. Сонымен қатар апта сайын конференциялар өткізіп, геральдика саласы туралы ауқымды кітаптар, ғылыми лекциялар әзірлейді. Ол жерде бар-жоғы алты адам жұмыс жасайды. Ал енді Санкт-Петербургтің орталық көшелерінде түгел Ресей туы ілініп тұр. Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындар, бизнес орталықтар, мұражайлар мен асханалар мен кафе, ресторандардың барлығының төбесінде тулары ілініп тұр. Мен әдейілеп бір жекеменшік дүкен иесінен "Сіздерге туды ілуге мәжбүрлей ме? Әлде өз еріктеріңізбен ілесіздер ме?" деп сұрадым. Сонда берген жауабы мен елімнің патриотымын. Мен туымды өз еркіммен ілемін. Менің үйімде де туым ілулі тұр дейді. Ал бізде керісінше түрлі кедергілер мен шектеулер қойылған. Ту бейнеленген төсбелгіні тек депутаттар тағу керек деген ұғым қалыптасқан. Бұл мүлдем қате. Отанын, елін сүйетін кез келген азамат көк туымыз бейнеленген төсбелгіні тағып жүру керек. Тіпті мектептерде, колледждерде, университеттерде міндеттеп тастау керек. Барлық мектеп, балабақша, колледж, университет, мемлекеттік және жекеменшік нысандардың барлығына мемлекеттік туды ілуге, заң аясында қолдануға, пайдалануға рұқсат беру керек. Кезінде біз "Бір ту, бір ел" жобасын ұсынғанбыз. Жобаның мақсаты - бүкіл Қазақстанды аралап мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау болатын. Өкінішке қарай, жоғарыдағылар құптамады. Тіпті біздің туымыздың өзі Қытайда өндіріледі. Ал Қазақстанда өндіретін бірнеше кәсіпорын тапсырыс аз болғандықтан шектеулі көлемде ғана шығарады. Қазақстанның барлық мектептері мен балабақшалары, колледждері мен университеттері, әкімдіктер мен мәслихаттар, Мәжіліс пен Сенат әр күн өз жұмысын ту көтеріп әнұран орындаудан бастау керек. Сонда ғана елім дейтін патриоттарды тәрбиелеуге болады.

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы