2025 жылы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттермен тауар айналымы 72,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылы бұл көрсеткіш 67,7 млрд доллар болған. Еліміздің ШЫҰ елдеріне экспорты 30,7 млрд долларды, ал импорт көлемі 41,8 млрд долларды құрады.
Негізгі сауда серіктестері кімдер?
Қазақстанның ШЫҰ елдерімен саудасындағы негізгі серіктестері – Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы мынадай: Қытай – 34,2 млрд доллар; Ресей – 27,4 млрд доллар; Өзбекстан – 4,8 млрд доллар; Қырғызстан – 2,2 млрд доллар.
Сыртқы нарыққа не саттық?
Қазақстаннан ШЫҰ елдеріне экспортталған негізгі тауарлардың қатарында уран, мыс кендері мен концентраттары, шикі мұнай, мыс және мыс катодтары, табиғи газ, бидай және ферроқорытпалар бар.
Сонымен бірге 2025 жылы бірқатар ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты артқан:
- Жануарларға арналған азық өнімдері – экспорты 2,5 есеге артып, 614,9 млн долларға жетті;
- Күнбағыс майы – экспорты 62,4%-ға өсіп, 633,7 млн долларды құрады;
- Бидай – экспорты 17,1%-ға артып, 1,13 млрд долларға жетті;
- Зығыр тұқымы – 72,9%-ға өсті;
- Арпа – 22%-ға артты;
- Бидай ұны – 11,8%-ға өсті.
Елімізге не импортталды?
ШЫҰ елдерінен Қазақстанға импортталатын негізгі тауарлардың қатарында жеңіл автомобильдер, автомобиль кузовтары, табиғи газ, мұнай өнімдері, алтын, есептеу машиналары және автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер бар.
Қазақстан экспортында уран, мыс кені мен концентраттары, мұнай, мыс, табиғи газ және бидай негізгі позицияларды сақтап отыр. Сонымен қатар күнбағыс майы, жануарларға арналған азық, ұн, арпа және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша экспорт көлемінің өсуі қазақстандық өнімге сыртқы нарықтарда тұрақты сұраныс бар екенін көрсетеді.