Бүгін қазақстандықтар Наурыз мейрамын атап өтуде. Мерекелік дастархандарда дәстүр бойынша көктемгі мерекенің басты тағамы – наурыз-көже қойылады. Биыл оны әзірлеу қаншаға түсетінін BAQ.KZ анықтап көрді.
EnergyProm деректеріне сүйенсек, биыл бұл тағамды дайындау құны артқан. Ірі қалалар бойынша ингредиенттердің орташа бағасы 21%-ға өскен.
Наурыз-көжеге жеті негізгі құрам қолданылады: сиыр еті, жармалар (тары, күріш, арпа жармасы), сүт, айран, сары май және тұз.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айында осы тағамға қажетті стандартты азық-түлік себетінің құны 11,9 мың теңгені құраған. Шығынның негізгі бөлігі сиыр еті мен сары майға тиесілі – тағам құнының шамамен 76%-ы осы өнімдерге келеді.
Ең қымбат қала – Ақтау. Мұнда наурыз-көже дайындау 14,6 мың теңгеге түскен, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен төрттен біріне жоғары. Қымбат қалалардың қатарында Атырау (13,3 мың теңге), Тараз бен Астана (әрқайсысы 12,4 мың теңге), сондай-ақ Алматы (12,3 мың теңге) бар.
Ең қолжетімді нұсқа Көкшетау тұрғындарына бұйырған – 10,2 мың теңге. Сондай-ақ Петропавлда 10,7 мың теңге болған. Орташа деңгейден төмен бағалар Талдықорғанда (11 мың теңге) және Түркістанда (11,1 мың теңге) тіркелген. Ең қымбат және ең арзан қалалар арасындағы айырмашылық 4 мың теңгеден асады.
Өткен жылмен салыстырғанда наурыз-көже елдің басым бөлігінде қымбаттаған. Кейбір қалаларда өсім тіпті жоғары:
- Қызылордада - 28,4%,
- Ақтөбеде - 26,7%.
Ал баға ең аз өскен өңірлер – Талдықорған (6,4%) мен Петропавл (8,4%).
Тағамға арналған ең қолжетімді ет түрі әлі де сиыр еті болып отыр – бір килограмы 3,6 мың теңге. Ал қой еті 3,9 мың теңге, жылқы еті 4,1 мың теңге тұрады. Сүт өнімдері де қымбаттаған: бір литр сүт – 621 теңге, айран – 587 теңге. Егер дастарханға бауырсақ пен тәттілер сияқты өзге де мерекелік тағамдар қосылса, жалпы шығын 26 мың теңгеден асып кетуі мүмкін.