Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті, қауіпсіз, озық әрі таза Қазақстанды құру барлық азаматқа ортақ міндет екенін айтты. Оның сөзінше, елді дамыту үшін жауапкершілік, адалдық және мемлекеттің мүддесіне жанашырлық қажет.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы жүйелі саясат өз жемісін бере бастады. Оны өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бұл акция немесе науқан өмір бойы жалғаспайды. Әйтсе де онда тұрған дәнеңе жоқ. Керісінше, оның жақсы тұсы көп. Ең бастысы, өркениет талаптарына сай болу үшін сана-сезімде сілкініс болуы қажет. Бұл – біздің саналы таңдауымыз. Басқаша болуы мүмкін емес. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Ол құр сөз емес. Мәселе әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын орасан зор қаржы көлемінде де емес. Әйтсе де бұл тақырыпты қозғауға тура келеді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған. Ата заңның мәтінінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтуынша, Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, тек өз халқымызға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады.
Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі (Жақында ауыр дертке шалдыққан бір ғалымды Италиядан алып келді). Тегін медициналық қызметтердің тізімі мұнымен түгесілмейді. Азаматтарымыздың басым бөлігі оның игілігін көріп жатыр. Бір қызығы, неге екені белгісіз, ақысыз медициналық көмекке жүгінушілердің саны жазғы демалыстан кейін күзде, қыста және ерте көктемде күрт артып, келесі демалыстарға дейін жалғасады. Айтпақшы, менің ұсынысыммен құрылған «Қазақстан халқына» қорын ұмытпағанымыз жөн. Аталған қор көп көмек көрсетеді, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады. Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан «ардагерлер» пайдаланып жүр. Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.