Қазақстанның көлік артериясы: Жеткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқармақ

Қытайдан Еуропаға жүк тасу рекордтық уақытта жүзеге асуда.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 14:20
Бүгiн 2026, 14:20
118
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын негізгі көлік хабына айналып келеді. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан географиялық орналасуына байланысты көлік дәліздерінің стратегиялық торабында тұр және ұзақ уақыттан бері Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді көпір қызметін атқарып келеді.

Қазақстан көлік артерияларының стратегиялық торабында орналасқан ел ретінде әрдайым Шығыс пен Батысты байланыстыратын сенімді буын болып келеді. Біз Қытайдың шығыс жағалауынан бастап Еуропаға дейінгі тиімді логистикалық тізбекті қалыптастырып жатырмыз. Бұл бағытқа Кавказ елдері арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршруты да кіреді, – дейді Алдыбергенов.

Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қазақстан көрші елдермен инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіріп жатқанын атап өтті.

Жаһандық «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында біз өз инфрақұрылымдық жоспарларымызды көрші мемлекеттермен үйлестіріп отырмыз. Бұл өз кезегінде қуатты синергиялық әсер береді. Үздіксіз логистиканы қамтамасыз ету үшін біз сыртқы терминалдар желісін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеміз, – дейді ол.

Компания басшысы 2014 жылдан бері Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырған ірі жобаларды атап өтті.

Ляньюньган портындағы терминал – біздің мұхитқа шығатын стратегиялық қақпамыз. Бұл жерде Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін жүк шоғырландырылады. Ал Алтынкөл станциясындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты – Қытаймен шекарадағы ең ірі логистикалық хаб. Сонымен қатар Сиань қаласындағы жаңа терминалда Еуропа бағытына шығатын контейнерлік пойыздардың 40 пайызы қалыптасады, – дейді Алдыбергенов.

Осы инфрақұрылымның арқасында тасымал мерзімі айтарлықтай қысқарған.

Бүгінде Сиань – Поти бағыты бойынша жеткізу мерзімі рекордтық 15-18 тәулікке дейін қысқарды. Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 10-12 күнге дейін жеткізу, – деді ол.

Наверх