Қазақстанның халықаралық резервтері жеті жылда 45,4%-ға өсті

 ©BAQ.KZ коллажы 10 Қараша 2026, 17:55
10 Қараша 2026, 17:55
117
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның халықаралық резервтері, оның ішінде Ұлттық қордың валюталық активтері 2025 жылдың қорытындысы бойынша 129,3 млрд долларға жетті. Бастапқы мәліметке сәйкес, бұл көрсеткіш жеті жыл ішінде 45,4%-ға ұлғайған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2020 жылдың соңында еліміздің жиынтық халықаралық резервтері 94,4 млрд долларды құраған. Осылайша, бес жыл ішінде олардың көлемі шамамен 34,9 млрд долларға немесе 37%-ға өсті.

Жиынтық халықаралық резервтердің құрамына Ұлттық банктің алтын-валюта және өзге де резервтік активтері, сондай-ақ Ұлттық қордың валюталық активтері кіреді.

Резервтердің өсуіне не әсер етті?

Халықаралық резервтердің ұлғаюына негізінен екі фактор ықпал етті.

Біріншіден, Ұлттық банктің резервтері айтарлықтай артты. 2020 жылдың соңында олардың көлемі 35,7 млрд доллар болса, 2025 жылдың соңында 65,4 млрд долларға жетті.

Екіншіден, Ұлттық қордың валюталық активтері осы кезеңде 58,7 млрд доллардан 63,9 млрд долларға дейін ұлғайды.

Осылайша, аталған кезеңде жиынтық халықаралық резервтердің өсуіне Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің ұлғаюы негізгі үлес қосты.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 16,1 млрд доллар болды

Резервтердің ұлғаюына ықпал еткен тағы бір фактор – Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен инвестициялық кіріс.

Қордың жиынтық инвестициялық кірісі шамамен 16,1 млрд долларды құрады.

Бюджетке трансферттер бөлінгеніне қарамастан, Ұлттық қордың валюталық активтері 5,2 млрд долларға өсіп, 63,9 млрд долларға жетті.

Бұл инвестициялық кіріс пен қорға түскен түсімдер бюджетке аударылған қомақты қаражаттың орнын толтырып, активтер көлемінің өсуін қамтамасыз еткенін көрсетеді.

Наверх