Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 12%-ға өсті

8 Маусым 2023, 19:48
698
Бөлісу:
Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 12%-ға өсті
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

8 маусымда Сочи қаласында (РФ) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыста ЕАЭО-дағы өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. 

Олардың қатарында: сауда-саттықтағы кедергілерді жою, теміржол көлігімен жүк тасымалдауды цифрландыру жөніндегі бірінші кезектегі шаралар жоспарын орындау, «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттары бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту, теңіздегі өткізу бекеттерінде электрондық құжат айналымын енгізу, Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер енгізу және т.б. мәселелер қаралды. 

Осы жылдың басынан бері ЕАЭО елдерінің негізгі өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетіп отыр.

Мәселен, өңдеуші өнеркәсіп өнімін шығару көлемі бірінші тоқсанда 1,4%-ға ұлғайған. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 2,8%-ға артты. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 12%-ға өсті. 

Бүгін ЕАЭО органдарында әрі қарай даму үрдісі талқыға түсуде. Еуразиялық жоба экономикалық негізде дамуға тиіс деп есептейміз, — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, республикада өнеркәсіп кооперациясы шешуші рөл атқарады. Алайда жобаларды таңдау және дамыту кезінде ортақ мүдделерді, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің әлеуетін міндетті түрде ескеру қажет. Әлемдегі қазіргі ахуалды ескере отырып, Қазақстан «ЕАЭО кооперациясын дамыту орталығы» болуға дайын. Бұл бастаманы ҚР Президенті Жоғары кеңестің өткен отырысында ұсынған болатын. 

Кооперациялық байланыстарды дамыту, жаңа нарықтарды ашу, бірыңғай экономикалық кеңістіктің артықшылықтарын пайдалану интеграциялық бірлестіктің пайдасын толық сезінуге мүмкіндік береді, — деді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы