Қазақстанның әскерилері Түркиядағы жауынгерлік оқу-жаттығуларға қатысып жатыр

14 Мамыр 2022, 18:15
1657
Бөлісу:
Қазақстанның әскерилері Түркиядағы жауынгерлік оқу-жаттығуларға қатысып жатыр
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түріктің Измир қаласындағы «Доғанбей» полигонында Қазақстан Қарулы күштері жауынгерлерінің қатысуымен түраралық «Эфес – 2022» көпұлтты жауынгерлік оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқу-жаттығу әскери шеберлік пен жауынгерлік машық деңгейін арттыруға, сондай-ақ арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған. Одан бөлек, маневрлерге қатысу әскерлердің белгілі бір тобының құрамында өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. 

Қазақстанның әскерилері Түркиядағы жауынгерлік оқу-жаттығуларға қатысып жатыр

Бірінші кезең компьютерлік техника мен электрондық-есептеу жүйелерін қолдану арқылы командалық-штабтық оқу-жаттығу түрінде өтеді. Ал екінші кезеңді біріккен бөлімшелерде жауынгерлік атыспен бірге практикалық іс-қимыл түрінде өткізу жоспарланып отыр. 

Биылғы жылғы 28 мамыр мен 9 маусым аралығына жоспарланған белсенді фаза барысында әскери қызметшілер құрлықтағы және теңіздегі операцияларды жүргізу мен десант түсіру кезіндегі қажетті дағдыларды бірлесіп пысықтайтын болады. 

Биыл «Эфес – 2022» оқу-жаттығуына шамамен 40 елдің әскери қызметшілері қатысып жатыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Қарулы күштерінің құрылымында арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылғанын атап өткен жөн.

Қорғаныс министрлігі күштер мен құралдардың құрамын, қолбасшылықтың міндеттері мен функцияларын нақтылады. 

Арнайы операциялар күштері елдің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде, оның ішінде терроризмге қарсы операцияларға және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жасауға қатысу арқылы арнайы міндеттерді шешуге арналған.

Өзгелердің жаңалығы