Қазақстанның әскери қызметшілері «Бейбітшілік жауынгері» халықаралық байқауына дайындалуда

15 Ақпан 2022, 12:55
1601
Бөлісу:
Қазақстанның әскери қызметшілері «Бейбітшілік жауынгері» халықаралық байқауына дайындалуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Қарулы Күштерінде Армия халықаралық ойындарына іріктеу жалғасуда. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құралымдар мен бөлімдерде іріктеу жарыстары ұйымдастырылып, оның нәтижесінде барынша дайындалған әскери қызметшілер анықталады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында іріктеуден өткендердің қатарында – аға сержант Дархан Аслан, 3-сыныпты сержант Александр Масяев, ефрейтор Берікжан Төлеуов және қатардағы жауынгер Индира Алпысбаева бар. Енді олар Қарулы Күштердің ауқымындағы жарыстарда бағын сынайды.

Жыл сайын іріктеу жарыстарының нәтижелері жақсарып, конкурсқа қатысқысы келетіндердің саны артып келеді. Бұның бәрі әскери қызметшілердің кәсіби деңгейінің артуына ықпал етеді, – деді танк бригадасының сержанты 1-сыныпты сержант Алмас Жанысов.

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері «Бейбітшілік жауынгері» конкурсына 2009 жылдан бері қатысып келеді. Бұл жарыс 2018 жылдан бастап Армия халықаралық ойындарының бағдарламасына енгізілді. Оған әскери-спорттық жарысты, жауынгерлік даярлық пәндерінен конкурстарды, зияткерлік турды, сондай-ақ әдеби-көркем және шығармашылық байқауды қамтитын бес кезеңдік сайыстар кіреді. 2021 жылы Арменияда өткен сайыстарда Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленді.

Өзгелердің жаңалығы