«Қазақстанның әлеуеті зор» немесе эмигранттар мен экономика

«Қазақстанның әлеуеті зор» немесе эмигранттар мен экономика

Ресейдің бірыңғай ведомствоаралық ақпараттық статистика жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанға I тоқсанда 204 мың адам, II тоқсанда 568 мыңнан астам адам келген. Олардың басым бөлігі туризм, бизнес мақсатында емес, жеке мақсатпен келгенін көруге болады. 

«Қазақстанның әлеуеті зор» немесе эмигранттар мен экономика

Ресейден келген азаматтардың ішінде  жеке кәсіпкер Станислав Курганский де бар. Ол өзінің не себепті Қазақстанға көшіп келгенін және қазір қалай күн көріп жатқанын BAQ.KZ тілшісіне айтып берді. 

Соғыс пен бизнес

11 сәуірде Ресейден Қостанайға келдім. Мен қазір болып жатқан соғыс жағдайын қолдамаймын. Себебі соғыс майданда ғана болмайды. Соғыс екі ел халықтарында да болып жатыр. Ресейде қазір мелитаризация, тобырлық қозғалыс. Мен бүкіл халық сондай деп айтып тұрған жоқпын. Антисоғыстық  көзқарасты ұстанған отандастарым да баршылық. Ресей мен үшін жайлы қоныс болмай қалды. Себебі антисоғыстық көзқарастағы адам үшін Ресей қазір қауіпсіз де, жайлы да емес. Соғысқа қатысты кез келген пікір айтушыларды қудалайтын өте көп заң қабылданды. Мен ондай қауіпке басымды тіккім келмеді. Айтатын болсақ, Ресей - өте кәрі ел. Тарих тұрғысынан емес, халық жасы бойынша алатын болсақ, Ресейде егде жастағы адамдардың саны көп. Өкінішке қарай, осындай ресейліктер соғысты қолдайды. Бірақ уақыт өте келе бұл да өзгереді деп ойлаймын, - деді Курганский. 

Ол өзін туған елінде жайлы сезінбеген соң басқа жаққа көшу туралы шешім қабылдағанын айтты. 

«Қазақстанның әлеуеті зор» немесе эмигранттар мен экономика

Бизнестің басына да күн туды. Себебі Батыс Ресейге қарсы санкциялар енгізді. Ал менің негізгі табысым- пышақтарды кастомизациялау. Зауыттан шыққан пышақтарды әрлеп, дизайнерлік, бірегей түрін жасап шығарамын. Бұл тауар Батыста сұранысқа ие болатын. Пышақ түрін жинайтындар менің еңбегімді бағалайды, күтеді. Бірақ Ресейде қазір ондай өнім шығарудың мағынасы жоқ. Батыспен экономикалық байланыс жойылды, - деді ол. 

Қызылжар мен Қостанай

Станислав жоғарыда айтылған екі фактордың нәтижесінде ол Қазақстанға көшіп келеді. 

Қазақстанды таңдауым аяқастынан болды. Мен достарыммен бір кеште отырған едім. Менің досым Петропавл қаласының тумасы болатын. Мен одан «қайда кетуге болады?» деп сұрағанымда «Қазақстанға кел» деді. Петропавл қаласының әсемдігі, жайлылығы мен тыныштығы, онда тұратын адамдардың мейрімділігі туралы айтты. Тыныш сөзіне ерекше назар аудардым. Себебі мен жанымның тыныш болғанын қаладым. Өмірдің ағысымен өмір сүріп, сүйікті ісіме ден қойғым келді. Әлеуметтік желіде жазған пікірім үшін әрбір тарсылдаған дүниеден қорқып жүргім келмегенін де айта кету керек шығар, - деді кәсіпкер. 

Станислав Петропавлға баратын билет таппай, Қостанайға ұшып келеді. Қостанайда тәулік бойы адамдармен араласып, қаланы аралайды. 

Қала тұрғындарымен жақсы энергия алмасу болды. Себебі көбі мені көре сала «мынау бұл жақтың адамы емес» дегенді айтатын еді. Олар бірден соғысқа деген көзқарасымды сұрайтын. Соғысты қолдамайтын адам екенімді білгенде олар маған бауырлық құшақтарын ашты. Бұлай айтып отырғаным, олар бірден жақсы кеңес беріп, қолдау көрсетті. Қазақстан халқын құрметтеймін. Маған кездескен қазақтар да, орыстар да мейірімін аямады, - деді ол. 

Станислав Қазақстанда тұру рұқсатына өтініш бермеген. Ол әзірге тұрып көргісі келетінін айтты. Ал ЖСН-ді келгеннен кейін 3 күннен соң алған. 

Оны алу бойынша ешқандай проблема болмады. Бірінші күні алмаған себебім, оларда қондырғы істемей тұрды. Ондай жағдай болмағанда бір күннен соң алатын едім. Бұл назар аудармайтын олқылық деп ойлаймын, - деді кәсіпкер. 

Қазір ол Петропавлда тұрып, өзінің сүйікті ісі-пышақты әрлеумен айналысып жатқанын айтты.

Менің жақын үш танысым Қазақстанға көшіп келді. Екеуі Алматыда тұрады. Тағы бір жақын құрбым жақында Петропавлға келді. Бұл тек мен жақсы танитын адамдардың қатары деп санағанда, - дейді ол. 

Әлеуеті зор Қазақстан

Курганскийдің айтуынша, Қазақстан өте қызықты, гүлденген ел.

«Қазақстанның әлеуеті зор» немесе эмигранттар мен экономика

Бейбітшілік пен келісімнің жарқын көрінісі. Мында бірнеше әртүрлі бағыттар бар. Бірақ олардың барлығы бір-бірін толықтырып, бірегей колорит, мәдениет  қалыптастырады. Мен бұрын көрген кеңістікке ұқсайды. Бірақ мүлдем басқа әлем. Күн сайын қызықты, терең, көзқарасы әртүрлі адамдармен танысамын. Мен үшін Қазақстанға келу – үлкен бақыт, - деді Курганский. 

Кәсіпкер жеке өзінің әлеуеті туралы айту қиын екенін айтты. 

Себебі «басы бар» адам кез келген елде өзіне нәпақа табады. Мен Қазақстанның әлеуеті туралы айтқым келеді. Қазақстанды керемет болашақ күтіп тұр деп ойлаймын. Петропавлдың өзіне Ресейден кәсіпкерліктер көшіп жатқанын естідім. Жалпы Батыс кәсіпкерлігінің кірігуі жақсы нәтиже беруі керек. Ол Қазақстан халқының жағдайына да әсер етеді, - деді ол. 

Станислав Курганискийдің пікірінше, Қазақстан бизнес бастауға әлеуеті зор ел. 

Мұнда бос нишалар өте көп. Ресейде соғысқа дейін болған дүниелер бұл жақта мүлдем жоқ. Сәйкесінше, шағын бизнес үшін Қазақстан алтын кен. Таңдау мен табыс бар. Барлық бизнес қызметті жақсарту және жаңа қызмет көрсетумен байланысты болады. Бұл тұрғыдан қарағанда Қазақстанның жолы болды, - деді кәсіпкер. 

Станислав өзі үшін күзге дейін бірқатар дедлайн орнатқанын айтады. 

Елдің менталитеті мен құқықтық аспектілерін барынша танып білмей, маңызды қадам жасау қауіпті. Қазақстанда 4 ай тұрып жатырмын. Тағы 1-2 ай тұрған соң қандай да бір шешім қабылдауға дайын боламын. Мүмкін, осында өмір бойы тұрамын, мүмкін, белгілі бір уақыт қана. Барлығы менің Отанымдағы ішкі жағдайға байланысты болады. Мен соғыс тез аяқталып, халықаралық елдер арасында адами қатынас орнағанын қалаймын. Соғыстың тілімен сөйлеспесек екен. Келіссөздер мен бейбіт келісулерді қолдаймын. Адамдардың қырылғанына қарсымын. Одан кейін Ресейге ораламын. Егер де соғыс тоқтамаса, осы жақта тұра беремін. Мұнда тұру өте ұнайды. Қызықты, білімді, ұлтаралық достарым өте көп. 4 ай бойы тамсанып жүрмін, - деді Станислав Курганский. 

Эмигранттар мен экономика

Елімізге ресейліктердің ағылуы экономикаға қалай әсер ететінін экономис Мақсат Халықтан сұрап білдік. 

Мақсат Халықтың айтуынша, «таяқтың екі ұшы бар» сияқты экономикада да сондай. 

Теңгерім заңын ұстанған дұрыс. Бірақ оның пайдасы, әлде зияны көп пе? Осыған тереңірек үңілу керек. Ресейден кетіп жатқан көп компания бар. Олардың басым бөлігі-шетелдік компаниялар. Олардың саны статистика бойынша 1400-ді құрап отыр. Енді сол компанияларды релокация жасап, Қазақстанға тартсақ, ол біздің экономикамызға тиімді болады. Ресейден кеткен шетелдік компанияларды елге шақырып, осы жақта зауыт пен фабрика салса, жергілікті халық жұмыспен қамтылып, экономикалық өсім мен елге келетін инвестиция артады. Бұл Қазақстан экономикасының өндірістік қуатын арттырып, экономика өсіміне оң әсер етеді, - деді ол. 

Ал екінші категория, елге келіп жатқан ресейліктердің Қазақстандағы кәсібі.

Бұл белгілі бір дәрежеде пайдалы, ол да тікелей инвестиция. Елде зауыт пен фабрика ашылып жатса, адамдар жұмыспен қамтылады. Бірақ мұндағы бір маңызды мәселе бар, олар қалай жұмыс істейді. Әлем салып жатқан санкциялы өнімдерді Ресейге жеткізумен айналысып кетпей ме? Осы мәселе аясында бізде нақты жұмыс жүргізілуі керек. Біз Ресей кәсіпкерлері мен азаматтарына ЖСН ашып, шот ашуға мүмкіндік беріп жатсақ, екінші деңгейлі санкцияға ұшырауымыз мүмкін. Елімізде импорт жасап, оны қайтадан Ресейге жеткізу жолындағы компанияларды бірден тежеу керек деп ойлаймын, - деді ол. 

Экономист үшінші категорияға жеке азаматтардың Қазақстанға келуін жатқызды.

Осы тұрғыдан келетін болсақ, Ресейдің көп азаматы елге келіп жатыр. Мұның зиянды тұсы көбірек сияқты. Себебі олар маман ретінде жергілікті мамандарды ығыстырып жатыр. Әрине, өзімізде тапшы мамандар келіп жатса, бір жөн. Олар біздің компаниялардың бәсекеге қабілеттігін арттырады. Ал шетелден келіп, өз азаматтарымызды жұмыстан ығыстырып жатса, ол жақсы процесс емес. Ол тек жұмыссыздықты арттырады. Олардан келіп жатқан тағы бір кесір – құрылыс компаниялардың бағасы. Құрылыс нарығында пәтер бағасының өсуі мен жалға берілетін пәтерлердің бағасы да қымбаттады. Бұл осы ресейлік азаматтардың көп келуіне байланысты болып отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай үрдістің зиянды жағы көп, - деді ол. 

Сондай-ақ Мақсат Халық елімізге рубльді тасып жатқандар көп екенін айтты. 

Рубльді осы жаққа алып келіп, оған теңге сатып алып жатыр. Ол теңгеге доллар сатып алып, долларды Ресейге шығарып жатқандар бар. Оны заңды, заңсыз жолдармен жасап та жатыр. Осы мәселенің барлығы әшкереленуі керек. ЕАЭО құрамындамыз деп тауар мен ақша айналымы бойынша шекараны ашып қоюға болмайды. Бүгінгі таңда елімізде 500 млрд  рубль қағаз ақша жүзінде жиналып қалған. Оны біз қайда өткіземіз? Кейбір ресейлік компаниядан тауар сатып алуымыз мүмкін. Бірақ ол өте көп. Теңгеге шағатын болсақ, ол 3,5 трлн теңгеден асады. Біздің Ұлттық банк Ресейге апарып, долларға айырбастаймыз деп отыр. Ол қалай жүзеге асатынын біз білмейміз. Осындай қиындықтар туғызып жатқаны рас, - деді Мақсат Халық. 

ІІМ мен ЖСН

Ішкі істер министрлігіне елге келушілер мен берілген ЖСН санына қатысты сауал жолдадық. 

Бүгінгі таңда елімізге 2 134 598 шетелдік келсе, елімізден 2 529 424 шетелдік кеткен. Жыл басынан бері шетелдіктерге 198 806 ЖСН берілген. Ең көбі Өзбекстан азаматтарына 91454, Ресей азаматтарына 74371, Тәжікстан – 7896, Қырғызстан азаматтарына 4470, Украина азаматтарына  1520 беріліпті.

Қазақстанда жүзеге асыратын белгілі бір операциялары үшін шетелдіктер  ЖСН алуы керек. Бұл жұмысқа тұру, Қазақстанда есеп айырысу шотын тіркеу, мүлікті тіркеу, мемлекеттік қызметтерді алу үшін керек.Мысалы, ЖСН алу тәжірибесі Германияда бірыңғай жеке салық нөмірі 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол 11 саннан тұрады. Ол қысқаша «Persönliche Identifikationsnummer», «Identifikationsnummer» немесе «Steuer-ID» деп аталады. Бұл нөмір Германияда жұмысқа орналасу, әртүрлі жеңілдіктерге өтініш беру, салық мәліметтерін тапсыру, банктік шоттарды, банк карталарын шығару және басқа да көптеген жағдайларда қажет, - деп хабарлады ІІМ министрлігінде. 

ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, осыған ұқсас механизм Еуропа мен АҚШ-тың барлық елінде бар. Бұл бүкіл әлемдегі барлық шетелдік өтетін стандартты процесс.

Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 40 831 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот 3519 шетелдікті елден шығарды.Елден шығарылғандардың барлығына 5 жылға дейін елге кіруге тыйым салынады.

 

Бөлісу: